Қазақстандағы Президент сайлауына тұңғыш рет әйел адам түспек. «Ақ жол» партиясы өздерінің кандидатураларын ұсынған үміткерлердің қатарында мәжіліспен Дания Еспаеваны да ұсынбақ.
«Ақ жол» партиясы алдағы саяси додаға қосылатын 6 бірдей адамды қарастырып жатыр. Одан бөлек, ҚР Кәсіподақтар федерациясының атқарушы комитеті Мұхтар Тінікеевті президент болуға лайықты деп тауыпты. Аталған азаматтар ел есінде немен қалды және олардың саяси сахнадағы салмағы қандай?
Тінікеев ең төменгі жалақыны көтеруді ұсынып, елді бір серпілтті. Коллекторлық заңды шикі «халықты қанау үшін жасалған» деп сайлаушыларының ыстық ықыласына бөленді. Жол жүру ережесін бұзғандарға айыппұлды азайту керек деп жүргізушілердің жүрегінен орын алды. Мәжілістің 3 бірдей шақырылымында депутат болып, біраз іс тындырған Мұхтар Тінікеевтің жылы орнынан жылжуына бейнежазбаның тарап кетуі себеп болған еді.
Бизнесменді жұдырық астына алған Мұхтар Тінікеев арада үш жыл өткенде президенттікке ұсынылып отыр. Бәлкім елдегі тәртіпке көңілі толмай жүргендер үшін осындай «темір жұдырықты» басшы керек те шығар. Алайда жұдырығы жұмыр болғанымен қазақшасы «болбыр» екен. Тінікеев мырзаның өзі инстаграмдағы парақшасында осылай деп мәлімдеме жасап, президентке үміткерліктен бас тартатындығын жариялады.
«Менің қымбатты достарым, әріптестерім! Мені Қазақстан Республикасы Президентінің Кәсіподақтар Федерациясынан алдағы сайлауға үміткерлердің бірі ретінде ұсынған барлық әріптестеріме, тау-кеншілер, дәрігерлер, балаларымызға тәлім беріп жатқан мұғалімдер, тыныштығымызды қорғайтын жандар, яғни 2 миллион жұмысшыларға алғыс айтамын. Маған сенім білдергендеріңізді мақтан тұтамын, қымбатты отандастарым. Мен сайлауға түсуден бас тарттым, өйткені менің қазіргі кездегі мемлекеттік тілді білу деңгейім осындай маңызды лауазым үшін лайықты емес деп ойлаймын».
Елбасы орнынан кеткен сәтте көңілі босаған Азат Перуашевтың бұл орынға таласқысы жоқ. Есесіне, өзі бастаған «Ақ жол» партиясынан 6 бірдей үміткерді ортақ талқыға салды. Олардың қатарында мәжіліс депутаты Дания Еспаеваның да есімі аталады. Дания ханым ел тарихында Президент сайлауына түсетін тұңғыш әйел. Кандидаттарды тіркеу 28 сәуір сағат 18:00-ге дейін жалғаспақ. Кімнің айы оңынан туатыны алдағы сайлауда белгілі болмақ.
Меруерт Ахан