Шымкентте жедел жәрдем дәрігерлері суға тұншығып қалған 11 айлық нәрестені аман алып қалды

231

Оқиға қаладағы жеке тұрғын үйлердің бірінде орын алған. Белгілі болғанындай, анасы оны шомылдырмақ болған. Сәби суға шашалып, тұншығып қалған. Қатты қорқып кеткен анасы жедел жәрдем шақырыпты.

Жедел жәрдем мамандары 11 айлық баланың тыныс алу сезілмейтінін және жүрек соғысының жоқтығын анықтап, жылдам әрекетке көшкен.

«31 наурызда сағат 15: 54 -те жедел жәрдем станциясына 11 айлық баланың суға тұншығып қалғаны жөнінде қоңырау түсті. Шақыру бойынша №8 жедел жәрдем бригадасы шыққан. Дәрігер С.Сайдмурадов пен фельдшер көмекке аттанды. болған. Жедел жәрдем бригадасын шақырғанда, анасы баласының тыныс алмай жатқанын айтқан. Дәрігерлер келгенде бала ес-түссіз жатқан, жүрек соғысы сезілмеді. Жедел реанимация жүргізіліп, 3 минуттан кейін баланың жағдайы жақсара бастады» дейді дәрігерлер.

Сәтті реанимация нәтижесінде бала аман қалды, тыныс алуы қалпына келді. Реанимациядан кейін жедел жәрдем қызметі баланы қалалық балалар ауруханасына жеткізді. Ауруханада шұғыл медициналық көмек көрсетілді, алты күн бойы емделіп, анасымен бірге үйіне шығарылды.