«Технодом» ұйымдастырған марафонда рекордтық көрсеткіш тіркелді

246

«Технодом» ұйымдастырған Шымкенттегі жаппай жүгіруге мыңға жуық жан жиналды. Қатысушылар қатарын рекордтық көрсеткішке жеткізген бұл шара жылдың алғашқы марафоны. Спорттық шараға тек қала тұрғындары ғана келмеген. Сондай-ақ, еліміз бен Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан азаматтары старт сызығының бойына жиналды.

Таңғы сағат 7:00-ден бастап Наурыз алаңына жиналған елдің барлығы да спортты өмір салтына айналдырған. Жүгіруді жаны сүйетіндер тек шымкенттіктер емес. Арасында ағылшындар, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген қонақтар да бар. Тіпті мүмкіндігі шектеулі жандарға да арбасы марафонға қатысуға кедергі болмады.

Иван Лунин, марафонға қатысушы: «Мен жыл сайын кем дегенде 2 марафонға қатысамын. Және осы үрдісімді үзбеуге тырысып бағамын. Жалпы биылғы жаппай жүгіру мен үшін ерекше. Себебі мені қолдауға өмірлік жарым келіп отыр. Өкінішке қарай, осы жолы менің қарсыластарым болмайын деп тұр. Бұл бір жағы жеңіске деген сенімімді арттырады».

Шынар Жәнібекова, ұйымдастырушы: «Технодомның» мұндай марафон өткізуі жайдан-жай емес. Компания әу бастан салауатты өмір салтын қолдайды. Және осы жылдан бастап біз белсенді түрде еліміздің барлық аймағында спорттың әр түрінен іс-шаралар өткізуді бастадық. Мәселен, Алматы қаласында шаңғы спортынан жарыс ұйымдастырғанбыз. Енді міне, кезек шымкенттіктерге келіп отыр. Айта кету керек шымкенттіктерді спортқа жақын деп ойламағанбыз. Сөйтсек қателесіппіз…

Үйге және кеңсеге арналған тұрмыстық техникалар сатылымында көшбасшы болып табылатын «Технодом» жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар дайындады. Тоңазытқыш, теледидар, салқындатқыш, ноутбук, құлаққап, спорттық тауарлар, газ плиталары және өзге де көптеген тұрмыстық тауарлар бар».

Старт сызығынан асқандардың әрқайсысы түрлі қашықтықтарды бағындыруды бекінген. Атап айтсақ, 5, 10, 21 және 42 шақырым. Наурыз алаңынан шыққан олар Бәйдібек даңғылынан өтіп, одан әрі Қ. Төлеметов көшесінің бойымен жүгірді. Айта кету керек, марафонға қатысуға тек жастар ғана ниет білдірмеген. 80-нен асқан әжелер мен пайғамбар жасына жеткен аталар да салауатты өмір салтын насихаттауда.

Қаржаубай Тастанбеков, қатысушы: «Бұл марафон деген өте жақсы. Мен өзі 4 жыл марафонға қатысып отырмын. Кейінгі 2 жылда жүлделі орындарды алып жүрмін. Айтайын дегенім денсаулыққа пайдалы. Марафон деген өте жақсы. Жасым 63-те. 50 жастан бері жүгіріп келемін. Жүгіру пайдалы екенін біліп, соңында осылай марафонға қатысуды әдетке айналдырдым. Өзімді өте жақсы сезінемін. Мұндай марафондардың жиі өткенін қалаймын»».

Сонымен жаппай жүгіру 1 сағатқа жалғасты. Ал одан соң қатысушыларға дәм ұсынылды. Марафоншылар күші осымен сарқылды десеңіз қателесесіз. Одан соң ниеттілер жатып сығымданудан тағы да мықтыларды анықтады. Жүгіріп жеңгенімен қоймай шымкенттік азамат рекорд орнатып, 130 реттік көрсеткішімен елді тәнті етті. Ал, демеушілер жүлдегерлерді құр алақан қайтармады.

Назерке Үкібасова