1 пайызбен несие: жастарға және әйелдерге

494

Биылғы сәуірдің бел ортасы Шымкентте көптен күткен (бәлкім, көп болып күткен) үш жаңалықпен есте қалды. Үш бірдей әлеуметтік жоба басталды. Үшеуінің де ордасы – «Shymkent ӘКК» АҚ. Қай-қайсының да арасалмағы шамалас. Әйтсе де ел ішінде ең көп талқыға түскені «Мен кәсіпкер боламын» жобасы болса керек. Әйелдер және жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған жоба 15 сәуірден қосылды.

МЕН КӘСІПКЕР БОЛАМЫН! ҚАЛАЙ?

Кәсіп бастауға 1 пайызбен жеңілдетілген несие береді. Ол несиені тек жастар мен әйелдер ғана алады.
Қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың айтуынша, «Мен кәсіпкер боламын!» бастамасына алғашында 600 млн теңге бөлініп отыр. Жоғарыда айтқандай, қаржы жастар мен әйелдердің кәсіп ашуына несие түрінде беріледі.
21-29 жас аралығындағы жас кәсіпкер жеке кәсіпкерлігін не заңды тұлға мәртебесінде кәсіп бастағысы келсе, онда осы 1 пайыздық несиені алуына болады. Әйел кәсіпкерлерге де қатысты шарт осыған ұқсас. Жас мөлшері 21-58 аралығында болуы тиіс.
5 млн теңгеге дейін несиені 84 айға дейін береді. Айналым қаражатын толықтыру үшін болса, онда 36 айға ресімдейді. Пайыздық мөлшерлемесі 1% шамасында болады. 6 айға дейін, онда да банк шешіміне қарай жеңілдік мерзімі белгіленеді.
Бұл несиені қалай, қайдан және қандай жобаға алуға болатынын «Shymkent ӘКК» АҚ жанынан ашылған «Бизнес-Супермаркет» – инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында түсіндіреді.

«БИЗНЕС-СУПЕРМАРКЕТТЕ» НЕ САТАДЫ?

15 сәуірде «Бизнес-Супермаркет» – инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы да ашылды. Атауы қызық орталықтың ұсынатын қызметі көп. Мұнда «Даму «КДҚ» АҚ өңірлік филиалы, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, «Shymkent ӘКК» АҚ және әкімдік басқармаларының ұсынатын қызметі жинақталған.
Бизнес-Супермаркет кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін қызметтерді электронды форматқа көшіреді және «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді.
Сондай-ақ, жоғарыда айтылған «Мен кәсіпкер боламын!» жобасы аясында кеңес алу, жоба ұсыну, несие ресімдеу және тағы басқа қызметтерін ұсынады.
Бұған қоса, жоба, яғни әбден жіктеліп бизнес-жоспарға арналған айналған идеяның жобасын сатады.
– Баяғыда ұсыныс айтса, қазір мұнда келіп, осындағы бар дайын жобаларды сатып алып, кәсібін бастап кетуге болады. Егер алдын бизнес жүргізбесеңіз, онда бізде оқисыз. Ал кәсіп жүргізуден тәжірибеңіз болса, онда дайын жобаны сатып аласыз. Бүгінде жерге қатысты мәселе көп туындайды. Жер алу өте қиын. Ал бізде сол жер және оған жүргізетін инфрақұрылым мәселесін шешіп, дайын тауар ретінде сатамыз. Қазір бізге хабарласып, онлайн-өтінім қалдырып жатқан азаматтардың дені бизнестің не екенін түсініп кетпейді. Бұрын бизнеспен айналыспаған. Сауалдары көп. Сондықтан да ең алдымен оларды бизнестің қыр-сырына оқытамыз, яғни кәсіп жүргізуге үйретеміз. Ақпан айында бизнес-мектебін аштық. Сонда бизнеске тегін оқытады. Тағы келіп жатқандардың біразын сол бизнес мектепке жібереміз. Бизнес-мектептің алғашқы түлектері, барлығы15 адамның бәрі де қазір Жеке кәсіпкер не ЖШС тіркетіп, бизнесін сәтті жүргізіп жатыр,-дейді «Shymkent «ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Рашид Аюпов.
Ол «Shymkent ӘКК» АҚ қандай құзіреттерге ие екенін де түсіндірді. Айтуынша, несиені де, субсидияны да, жер учаскелерін де «Shymkent ӘКК» АҚ береді. Қолдауды да сақтандыруды да «Shymkent ӘКК» АҚ жасайды.
– Білсеңіз, «Shymkent ӘКК» АҚ-ның негізгі функциясы бизнесті жолға қойып, одан шығып кету. Егер де кәсіпкер бизнесін жақсы жүргізіп бастаса, онда кәсіпкермен сол жер учаскесін сатып алуына не үлесін сатып алуына келісімшарт жасаймыз. Қай бизнес болмасын, сондағы қатысу уақытымыз 5-7 жылдан аспауы тиіс. «Shymkent ӘКК» АҚ-ның бизнеске кіруі жалдау шарты, үлес шарты, сату шартына сәйкес айқындалады. Кәсіпкердің бизнес-жоспарына қарай болады. Біз «Атамекен» ҚР ҰКП қызметін қайталамаймыз. Бағытымыз да құзіретіміз де басқа. Әкім неліктен «Shymkent ӘКК» АҚ-ын таңдады, өйткені біз әкімдіктің еншілес ұйымымыз. Сондықтан да кәсіпкерлердің мәселесін шешуіміз салыстыра қарағанда оңайырақ. Кәсіпкер бізге қандай да бір мәселесімен келсе, біз сәтінде оны қалай шешетінін, не заңға қайшы ма, жоқ па екенін айтып, көрсетіп, түсіндіреміз,-дейді Басқарма төрағасы.

Офлайннан онлайнға…

Жоғарыдағы екі жобаның бас-ты мақсаты – сіздің кәсіп ашып, іс жүргізуіңізге көмегі тисе, үшіншісінің мақсаты – өнім сатуға жәрдем ету. Дәлірегі, бар тауарды офлайнда ғана емес, онлайнда да сатуға жағдай жасау. Осы үшін де «Shymkent ӘКК» АҚ базасында «E-Commerce Center» – электрондық коммерцияға жәрдемдесу орталығы ашылды.
– «E-Commerce Center» жобамыз – «Қазпошта» АҚ мен «Shymkent ӘКК» АҚ-ның бірлескен жобасы. Әлемде онлайн сауда үлесі 60 пайызды құраса, Қазақстанда 1 пайыздан сәл асады. Сол бағытта бизнесті дамыту және Шымкент тұрғындарына жаңа бизнес жолын көрсету үшін бірге ашып отырмыз. Алдымен міндетті түрде бізде оқудан өтеді. Содан кейін E-commerce орталығынан бар мүмкіндікпен танысып көріп, келісімшартқа отырып, жұмысты ары қарай жалғастырады. Кәсіпкер тауарын онлайн арқылы сатса, оның тасымал ақысын субсидиялаймыз. Тауарын Қазақстан аумағында және Өзбекстанға тасымал шығынын қайтарамыз,-дейді Рашид Аюпов.
Айта кетерлігі, әр кәсіпкерге субсидия шамасы жылына 200 мың теңге шамасында белгіленіпті.
Ендеше үш әлеуметтік жоба туралы толығырақ ақпарат алу үшін «Shymkent ӘКК» АҚ-ның openspk.kz ресми сайтынан қарауға не Шымкент қаласының Бәйдібек би даңғылы бойындағы «Қайнар» бизнес-орталығына баруға болады.

Жәнібек НҰРЫШ

«Оңтүстік Рабат». №16. 17 сәуір 2019ж