Шымкентте дұрыс диагноз қоймаған 16 дәрігер жауапқа тартылды

330

Шымкентте Александра Писецкаяға дұрыс диагноз қоймағаны үшін 16 дәрігер жауапқа тартылды. Жұмысына салғырт қараған екі дәрігер қызметінен қуылса, қалғандарына тәртіптік шара қолданылды, деп хабарлайды қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Медицина мамандарының біліксіздігінен өлімші күйге жеткен Александра қазір Орынбаев атындағы клиникада ем қабылдап жатыр. Науқастың денсаулығы бойынша Ресей Федерациясынан келген білікті мамандар медициналық кеңес өткізіп, жергілікті дәрігерлермен консилиум жүргізді.

Қазір Александра Писецкаяға толық оңалту емі тағайындалған. Пациенттің денсаулығында оң өзгерістер байқалады, дейді мамандар. Айта кетейік, бұл жағдай бойынша медицина мамандарына қатысты тексеру жұмыстары әлі аяқталмады. Қазіргі кезде қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ақ халаттыларға қатысты тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Лаура Мамырова