Úı ANONS 8 жастағы бала әлі табылмады: Көмекке психологтар тартылған

8 жастағы бала әлі табылмады: Көмекке психологтар тартылған

Түркістан облысында Келес өзеніне ағып кеткен 8 жастағы бала табылмай жатыр. Іздеуге  құтқарушылар, еріктілер, тіпті дрондар жұмылдырылған. Бірақ бала ізім-ғайым жоқ. Қайғылы оқиға қалай болды? Іздеу жұмыстары неге нәтиже бермей жатыр? 

Келес өзеніне абайсызда құлап кеткен 8 жастағы Жаннұрды құтқарушылар 8 күннен бері  іздеп жатыр.  Абай ауылының 2-сынып оқушысы ойнап жүріп арыққа аяқ киімін түсіріп алып, соңынан түскен. Тайып құлап, өзен ағысы алып кеткен.

ДҮЙСЕН ОРАЗГЕЛДІ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: «Қазіргі таңда арнайы штаб құрылып, штаб құрамында құтқарушылар, полицейлер бар. Іздестіру жұмыстары жүргізілуде».

Ресми мәліметке қарағанда, құтқарушылар Абай және Жүзімдік ауылдарының аймағындағы ұзындығы 42 шақырым Келес өзенінің арнасын арнайы ілмектер мен арқандарды пайдалана отырып тексерген. Ал еріктілермен бірге Жүзімдік, Қызыл әскер және Ғани  Мұратбаев ауылының су жағалауларын сүзіп өткен. Іздеуге сүңгуірлер тартылған. Олардың көмегімен өзен бетімен қоса, су асты да қаралып жатыр.

Баланы іздеумен қоса оның ата-анасына көмек беру үшін психологтар тартылған. Соңғы дерек бойынша,  жедел-құтқару жасағы Лесбек батыр ауылынан Сырдария өзеніне дейінгі Келес өзенінің аумағын да қарап жатыр. Іздеуге ұшақсыз ұшу апараттары мен эхолот жабдығы  тартылған.   28 наурызда Қазығұрт ауданындағы шлюздің жұмысы тоқтатылып,  29 наурызда Өзбекстанның  «Зах» каналының шлюзі жабылған еді.

Төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, 2025 жылы облыста 55 адам түрлі жағдайда суға батып, қйтыс болған. Олардың 25-і бала. Балалардың бәрі ата-анасының қарауынсыз қалған.

Дилара Иса