Úı ANONS Әскерилер мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті

Әскерилер мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті

фото ШГБҚ

35748 әскери бөлімінің жауынгерлері «Жақсылық жасап жарысайық» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Игі бастама аясында мұқтаж жандарға қолдау көрсетіліп, қажетті көмектер табысталды. Наурызнаманың онкүндігі аясында ұйымдастырылған шара қоғамда ізгілік пен жанашырлықты насихаттауға арналған.

Шымкентте әскери қызметшілер мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті. Әскери бөлім өкілдері ұлттық киім киіп, әлеуметтік қолдауды қажет ететін бірнеше жанұяның шаңырағына арнайы барып, азық-түлік себеттерін табыстады. Күтпеген қуанышқа кенелгендер жауынгерлерге шынайы алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.

«Көмектеріңе рақмет! Алла разы болсын! Алла жолдарыңды ашық қылсын! Әрдайым жайнап-жарқырап жүре беріңдер. Жұмыстарыңда сәттілік болсын. Дендерің сау, отбасыларың аман болсын. Жалпы военный часттың бәріне рақмет! Мың алғыс!»

Мұндай игі бастамалар әскери бөлімде дәстүрге айналған. Әсіресе, түрлі сырқаты бар балаларды тәрбиелеп отырған әскери қызметшілердің отбасылары мен әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі екен.

СЕРГЕЙ БИБУЛАТОВ, 35748 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ КОМАНДИРІ: «Біздің әскери бөлім мұндай акцияларды алғаш рет өткізіп отырған жоқ. Біз әрдайым көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге тырысамыз. Осы бастама арқылы мейірімділік пен өзара қолдаудың маңызын көрсетіп, адамдарды бір-біріне жанашыр болуға шақырғымыз келді».

Қайырымдылық акциясы әскери қызметшілердің ел қорғаны болумен қатар, қоғамдағы игі бастамаларға атсалысып, қала тұрғындарына қолдау көрсетіп келе жатқанын тағы бір мәрте айғақтады.

Лаура Бабас