Арыста ҰБТ аяқталды

140
фото inform.kz

Кеше, 24 маусым күні Арыс қаласының апелляциялық комиссиясы Ұлттық бірыңғай тест тапсырған талапкерлердің өтініштерін қарауы тиіс болатын. Алайда, қалада орын алған төтенше жағдай салдарынан оның жұмысы кейінге қалдырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Иә, өкінішке орай, қазіргі уақытта халқымыздың назары осы қалаға ауып отыр. Онда қайғылы оқиғалар орын алды.  Арыс қаласында ҰБТ-ның 1 пункті бар. Ол №1 мектепте орналасқан. Арыс бойынша бізде 2 лек өтті. Біріншісі – 21 маусым, екіншісі 23 маусым күні болды. Жалпы ол жерде 779 бала өтінішін қалдырған еді. Оның 772-сі екі лекпен тапсырды», – деді бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Оның айтуынша, кеше, 24 маусым күні сағат 9.00-де Арыс қаласының №1 мектебінде апелляциялық комиссия өз жұмысын бастаған. Алайда әскери бөлімшедегі жарылыстардың салдарынан жұмысын тоқтатқан.

«Ешкім зардап шеккен жоқ. Осы қалада министрлік өкілдігінің 12 мүшесі  жұмыс істеді. Қазіргі уақытта олардың 12-сі де Шымкент қаласында. 10-ы Нұр-Сұлтан қаласына шығайын деп жатыр. Олар өз жұмыстарын аяқтайды.  Комиссия төрағасы сол жерде қалады. Жалпы жағдай тұрақталған соң бұл апелляцияны өткізетін боламыз. Себебі апелляцияны өткізіп үлгермедік. Мүмкін ол жерде де талапкерлерден өтініштер болып қалар. 30 маусымға дейін уақытымыз бар. Егер 30-на дейін үлгермесек оның уақытын созамыз, өткіземіз», – деді департамент басшысы.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында кеше таңертең жарылыс болғандығы туралы хабарлаған болатынбыз. Апат салдарынан екі адам мерт болды. Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді.