Úı ANONS Полиция Арыстағы жол апатын жасырғысы келді ме?

Полиция Арыстағы жол апатын жасырғысы келді ме?

Арыс қаласында полиция қызметкерлерінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына қатысты дау туды. Қызмет көлігімен соқтығысқан тұрғындар полицияны кінәлайды. Ал полиция тұрғындар заңды талапқа бағынбады дейді.

30 қарашаға қараған түні Түркістан облысы Арыс қаласындағы Тәжібаев көшесі мен А.Байтұрсынов көшесінің қиылысында жол-көлік оқиғасы тіркелді Оқиға орнында болған 36 жастағы Сәкен Садықовтың сөзінше, көлікте үш адам болған. Оларды қарсы бағытта келе жатқан полиция көлігі соққан.

СӘКЕН САДЫҚОВ, АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Біз өз көшемізге бұрылған сәтте олар қарама-қарсы бағытпен келіп, біздің артыңғы сол жақ бұрылған сол жақ бетімізбен соқты ғой бізді. Сол соқтығыстан біз инерциямен талға барып қатты соғылдық. Ары қарай есеңгіреп, есімді жинай алмай есімнен танып қалдым».

Оқиға орнында жарақат алған бір адам жан сақтау бөліміне түскен, екі адам түрлі дене жарақатын алған. Полиция жедел жәрдем шақырудың есесіне, жарақат алған оны және жүргізушіні полиция көлігінде 4 сағат бойы ұстап, тергеуге алған. Ал бірін жеке көлікпен ауруханаға жеткізген.

ЖҰМАХАН КЕНЖЕХАНОВ, ДӘРІГЕР: «Дәрменов Бағдат, 1990 жылғы. 29-нан 30-на қараған түні түнгі сағат 02:40-та жол-көлік оқиғасынан кейін түсті. Сол кезде жағдайы ауыр түсті. Жабық бас-ми жарақатынан, бас миының ауыр соғылуынан сопр түрде түсті. Ол дегеніміз көзін ашып жан-жағына қарағанымен, жанаспайды… есін білмейді. Керекті ем-домын жасағаннан кейін Шымкенттен керекті нейрохирургтарды шақырдық. Кеңесін беріп кетті. Қазіргі таңда жағдайы оң нәтижелі. Бірақ әлі жағдайы ауыр».

Дәрігерлер осы науқаспен жол апатына түскен Сәкен Садықовтың таңда жеткізілгенін растады. Ол да жабық бас ми жарақатын алған, бас миы шайқалған.  Садықовтың сөзінше, полиция қызметкерлері жол апатына кім кінәлі екенін анықтамай жатып, оларды кінәлай сөйлеп, шығынды өтейсіңдер деп талап қойған.

СӘКЕН САДЫҚОВ, АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Бір есімді жисам полиция қызметкерлерінің машинасында отырмын. Полиция қызметкерлері көп жүрді ол жерде. 3-4 экипаж жүрді. «Кінәлісіңдер, сендердің кесірлеріңнен біз соғылдық. Ушербтің бәрін орнына қоясыңдар» деді. Менің жағдайым нашар болған соң көлік артында отырған соң менен сұрақ-жауап болмады. Бірақ қасымдағы рөлдегі жігітке  1,5 млн сұрады, машинаны орнына қоясыңдар деп спецмашинаны праваларың орнында қалады, кінәлісіңдер, мойныңа аласыңдар, 15, млн. бересіңдер деп сол кісіден сұрады деп естідім».

Көлік жөндеуші Бахтияр Анықбаевтың сөзінше, 30 қараша күні полиция көлігін жөндеуге алып келген. Оған көлік жөндеуге тапсырыс түскенімен, тапсырыс берушіні көрмеген. Қажетті құрал-жабдықты қоспағанда телефон арқылы 300 мың теңгеге жөндеуге келіскен. Дегенмен көлікті жөндеп бітпей сол күні кешке көлікті қайта алып кеткен. Полиция көлігінің қай жері бүлінген еді? Қызметкерлер оқиғаны неге жасырғысы келді?

БАҚТИЯР АНЫҚБАЕВ, КӨЛІК ЖӨНДЕУШІ: «Спецмашинаның алдыңғы бампері кеткен. Екі есік кеткен. Крыла кеткен».

Облыстық полиция департаменті жол-көлік оқиғасына тұрғындар кінәлі екенін хабарлады. Департамент мәліметінше, көлік қарсы бағытқа шығып кеткен.

МҰХТАР СЕЙДІЛДАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: «Арыс ауданында 30 қараша түнгі уақытта «Mercedes-Benz» автокөлігінің жүргізушісі бірқатар жол қозғалысы ережелерін бұзып, соның ішінде қарсы қозғалыс жолағына шыққан. Полицияның тоқтату туралы заңды талаптарын елемей, жасырынуға тырысқан жүргізуші, қызметтік автокөлік пен ағашқа соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жеңіл көліктің екі жолаушысы зардап шекті».

Ресми мәліметке қарағанда, жүргізушінің мас халде болғаны анықталған. Оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Ал полиция қызметкерінің заңды талаптарына бағынбау фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалған. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттері тексерілетіні мәлім болды.

Дилара Иса