Úı Jańalyqtar Арыста «Біртұтас ел – Біртұтас жер» патриоттық акциясы өтті

Арыста «Біртұтас ел – Біртұтас жер» патриоттық акциясы өтті

фото ШГБҚ

 

Түркістан облысының Арыс қаласында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы ұйымдастырған «Біртұтас ел – Біртұтас жер» атты ауқымды әскери-патриоттық акция өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – әскери қызметтің беделін арттыру, Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің оң имиджін қалыптастыру, сондай-ақ жастардың бойында отансүйгіштік рухты және әскери борышты орындауға деген ынтаны тәрбиелеу.

 

Акция аясында Қорғаныс министрлігінің өкілдері Арыс қаласының әкімімен және жергілікті атқарушы органдардың басшыларымен кездесті. Кездесу барысында 2030 жылға дейінгі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тұжырымдамасын іске асыру мәселелері, сондай-ақ «Жас сарбаз» қозғалысын дамыту бағыттары талқыланды.

 

Бұдан кейін Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің, Әскери білім департаментінің, Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың өкілдері және Түркістан облысы бойынша Қорғаныс істері департаментінің бастығы Ә.Жангельдин және С.Қожанов атындағы мектептерде болды. 9–11 сынып оқушыларына әскери оқу орындарына түсу тәртібі, әскери қызметті өткеру шарттары мен әскери қызметшілерге берілетін жеңілдіктер туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оқушыларға ҚӘӘИ, ӘҚК ӘИ және РЭжБӘИИ оқу орындарына түсу жөніндегі ақпараттық парақшалар таратылды.

 

«Ергүбек» мәдениет үйінде Қазақстан Қарулы күштерінің қалыптасу тарихына арналған Мемлекеттік әскери-тарихи музейдің көрмесі ұйымдастырылды. Көрме барысында келушілер қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілерімен, сондай-ақ атыс қаруларымен танысу мүмкіндігіне ие болды.

 

Іс-шараның салтанатты бөлімі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің орындалуымен басталды. Одан кейін қатысушыларға Қарулы күштер туралы бейнеролик көрсетілді.

Құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің өкілі, полковник Дәулет Бейсеков аталған акцияның жастардың бойында патриоттық құндылықтарды қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті.

– Қатысушылар өз елінің азаматы болудың мәнін тереңірек түсінді, сондай-ақ әр азаматқа жүктелетін міндет пен жауапкершілікті сезіне білді. Мұндай іс-шаралар жастарға әскери қызметпен танысуға, практикалық білім алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, патриоттық рухты нығайтып, азаматтық борышты сезінуге ықпал етеді. Бұл – Отанын қорғауға дайын, елжанды ұрпақты тәрбиелеудің маңызды жолы, – деді полковник Дәулет Бейсеков.

Сондай-ақ шара барысында әскери оқу орындарына түсу тәртібі, құжат тапсыру талаптары және әскери есепке қою мәселелері бойынша да кеңінен түсіндірілді.
Акция Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.