Экологиялық жәрдемақыға сот шешімі арқылы қол жеткізді

306
фото BNews.kz

Түркістан облысында мемлекеттік мекеме тоғыз жылдан бері экологиялық жәрдемақыны төлемеген. Табанынан тозған жұмыскер сотқа жүгініп, сотта жеңіп шықты.

Арыс ауданының тұрғыны Е.С. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті «Қазселденқорғау» ММ-нің филиалы «Оңтүстік аймақтық пайдалану-техникалық басқармасынан» жалақысына қосылуға тиісті төлемді ала алмай жүрген. 2010 жылдан бастап төленуі тиіс төлемді даулап жұмыскер Арыс аудандық сотына жүгінген.​

Сот жұмыс беруші Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті «Қазселденқорғау» ММ-нің филиалы «Оңтүстік аймақтық пайдалану-техникалық басқармасы» 2010 жылдан 2013 жыл аралығында талап қоюшы С.Е.-ге айлық жалақысының 20% көлеміндегі экологиялық жәрдемақысын төлемегенін анықтаған.

Мекеме басшылығы бұл мәселені түпкілікті​ шешпей, «ұзын арқан, кең тұсауға» салып, түйінді шиеленістіре берген.​ Арыс аудандық соты шағымданушының арызын ішінара қанағаттандырып, соттың шешімімен қызметкерге тиесілі 535 620 теңге көлеміндегі төленбеген экологиялық жәрдемақысы өндірілді.

«Еңбек дауларына қатысты мәселелер жиі қаралып жатады. Бәрі заңды жете білмегендіктің, болмаса бұрмалап, қызметкердің құқығын аяқ асты етудің салдары. Сот процесінде қаралған азматтық істе мекеме басшылығы заңды өрескел бұзып, маманға төленуі тиіс экологиялық жәрдемақыға көз жұма қараған. Мәселенің мәнісіне терең бойламаған. Жаңа Еңбек заңының қағидаларын қолданып, заң талаптарын ескермеген, негізінен жұмысқа қабылданған кездегі заң қолданысы бойынша ұжымдық шартта барлығы көрсетіледі,» – дейді азаматтық істі қараған аудандық соттың судьясы Гүлмира Мекембайқызы.​

2010-2013 жылдар аралығындағы жалақысына қосылуы тиіс экологиялық жәрдемақыға сот шешімі арқылы қол жеткізген жұмыскер Арыс аудандық сотының шешіміне ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырды.

Жанар Есенбекова