Арыс аудандық сотының ғимараты қалпына келтірілді

453
Арыс аудандық соты ғимараты жөндеу

Арыста жарылыстан соң мемлекеттік мекемелер арасында​ ​ ​Арыс аудандық соты алғашқы боп жұмысына кірісті.

«Түркістан облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Орынбасар Лештаев аудандық соттың жұмысын қайта жүргізе бастауын қамтамасыз ету мақсатында, мемлекет тарапынан сот ғимаратын қалпына келтіруге бөлінетін қаражатты күтпей-ақ, жөндеу жұмыстарын тез арада жүргізіп, соттың зақымдалған шатырын жөндетіп, жаңадан есіктер мен терезелер, тағы басқа да бүлінген заттардың орнына жаңасы қойылып, жалпы 2 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалған. Ал, Соттар әкімшісінің бөлім басшылары мен мамандары асарлата отырып ғимаратты қалпына келтіруге, жуып-тазалауға атсалысты,» – деп хабарлайды Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі.

Түркістан облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы О.Лештаев жарылыстан соң жұмысына қайта кіріскен аудандық сот ұжымымен кездесу өткізді.

Сонымен қатар, Соттар әкімшісінің басшысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Жақып Асановтың үндеуімен еліміздің судьялар корпусы және Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің қызметкерлері Арыстықтарға көмек көрсету қорына бір күндік жалақыларын аударғанын, ал Түркістан облысы соттарының судьялары мен Соттар Әкімшісіның қызметкерлері де өздерінің бір күндік жалақыларын, яғни барлығы 4 млн. теңгені Судьялар Одағы арқылы Арыс аудандық сотының қызметкерлері мен судьяларына көмек ретінде беретінін атап өтті.

Орынбасар Лесбайұлы кәсіпкер С.Атаевқа облыстық сот ұжымы атынат алғыс білдіріп, оның бүгінгі шараға құр қол келмей, жойқын жарылыс салдарынан зардап шеккен Арыс аудандық соты мен облыстағы басқа да соттарда қызмет атқаратын арыстық азаматтардың отбасыларына көмек ретінде бір қап ұннан, жалпы 25 қап ұн мен азық-түлік үлестіргенін де айта кетті.

Одан бөлек, кездесу барысында жарылыстар кезінде өмірлеріне төнген қауіпке қарамастан, сот ғимаратын күзетуде өз міндеттерін абыроймен атқарған мамандандырылған күзет қызметінің алты қызметкерін «Алғыс хаттармен» марапаттау рәсімі өтті.

Республикалық Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы Шәріпбай Өтегенов 24 маусым күні кезекшілікке болып,​ жарылыстар басталған сәттен бастап тәулік бойы сот ғимаратында күзетте болған Айдос Дербисов пен Сұлтанбей Максумовқа «Бауыржан Момышұлына – 100 жыл» төсбелгілерін табыстады.