Еxit poll: Сайлаушылардың 70,13 проценті Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс берді

190

Еxit poll нәтижесі бойынша 9 маусымда өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы барысында сайлаушылардың 70,13 проценті кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс берген. Бұл туралы елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қоғамдық пікір» институтының кеңес төрайымы Айнұр Мәжитова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қоғамдық пікір» институты бүгін күні бойы сайлау учаскелерінің шыға берісінде азаматтарға әлеуметтік зерттеу Exit poll жүргізді. Сұхбаттасушылар 325 сайлау учаскесінде сауалнама жүргізді. Оның ішінде облыс орталықтыры мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 97 учаске, шағын қалаларда 94 учаске, ал ауыл округтерінде 134 учаске қамтылды», — А. Мәжитова.

Оның айтуынша, сайлау күні «Қоғамдық пікір» институты Exit poll-дың халықаралық стандартты әдістемесі бойынша, сайлау учаскесіне барған сайлаушылар арасында сауалнама жүргізді. Оларға «Сіз қай кандидатқа дауыс бердіңіз?» деген бір ғана сауал қойылды. 9 маусымда таңғы сағат 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін сауалнаманың 6 толқыны өтті. Нәтижесінде 13 мың 200 сайлаушы арасында сауалнама жүргізілді.

«Іріктеме қателігі шамамен 3 пайызды құрайды. Сауалнама жүргізу жұмысына 350-ден астам интервьюер қатысты», — деді Мәжитова. Сонымен, Exit-poll нәтижесі келесідей: Қасым-Жомарт Тоқаевқа — 70,13 пайыз, Әміржан Қосановқа — 15,39 пайыз, Дания Еспаеваға — 5,32 пайыз, Жамбыл Ахметбековке — 3,86 пайыз, Төлеутай Рақымбековке — 3,03 пайыз, Амангелді Таспиховқа — 1,41 пайыз, Сәді-Бек Түгелге — 0,86 пайыз дауыс берілді. Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлауы өтті. ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында ел ішінде және шет елдерде 9 968 дауыс беру учаскесі жұмыс істеді. Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру уақыты стандартты (сағат 7.00-20.00 аралығы) болады. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында уақыт айырмашылығына байланысты сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де — Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 08.00-де ашылды. Бұдан бұрын хабарланғандай, Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров Exit poll нәтижесі дауыс беру аяқталғаннан кейін ғана жария етілуі тиіс екенін ескерткен еді. Exit poll — дауыс берген сайлаушылардың арасында жасырын сауалнама жүргізудің бір түрі. Соның негізінде сайлаудың нәтижесіне болжам жасалады.