Шымкентте Disney Land сынды отбасылық ойын сауық паркінің салынуы екі жақты келісімнің нәтижесі

334

Үндістан Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі болып қалуда. 2005-2018 жылдары Қазақстан экономикасына 317 млн. АҚШ доллары үнді инвестициялары тартылды.

ҚР Сыртқы істер министрлігі жаңа үнді инвесторларын тарту үшін іскер топтармен және бизнеспен ынтымақтастықты одан әрі күшейту жұмыстарын жалғастыруда.

Мұның айқын дәлелі XII Астана экономикалық форумына және III Жаһандық инвестициялық дөңгелек үстелге қатысу үшін 8 үнді компаниясының, оның ішінде 5 трансұлттық компанияның Қазақстанға сапары. Іскерлік сапар барысында бірқатар маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Екі жақты келісімдердің табысты нәтижелерінің бірі ретінде Шымкент қаласында Disney Land сияқты отбасылық ойын-сауық паркін соғу бойынша уағдаластықты атап өтуге болады. Жобаға аттракциондар паркі, аквапарк, жабық ойын-сауық орталығы, қонақ үй, СПА, коттедж қалашығы, табиғат паркі, гольф-клуб құрылысы кіреді. Бұл жобаның инвесторы — CG Corp Global ірі конгломератының иесі Бинод Чаудхари сондай-ақ әлемдік деңгейдегі саябақтарға ұқсас Алматы қаласында туристік кешенді құруға қызығушылық білдіруде.

Сондай-ақ, RV Healthcare компаниясының қатысуымен диабетке қарсы препараттар өндірісін жолға қою жоспарлануда. Аталған жоба іске асырылған жағдайда Қазақстан бұл препаратта импорт алмастыруды 100%-ға жүзеге асырып, аймақта инсулиннің негізгі жеткізушісіне айналуы мүмкін.

Қазіргі уақытта үнді компанияларын тау-кен өндіру, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларға тарту үшін бірқатар келіссөздер жүргізілуде.

Жалпы 2019 жылдың 5 айында ҚР сыртқы саяси ведомствосы әлеуетті үнді инвесторларының қатысуымен шамамен 10 жаңа жобаны анықтай алды.
Осылайша, үнді бизнесі бүгінде Қазақстан экономикасына айтарлықтай белсенділік пен қызығушылық танытуда. Өз кезегінде, экономикалық дипломатия жасалған жұмыс тетігін пайдалана отырып, екіжақты ынтымақтастықты ұлғайтуды жалғастырады.