27 жастағы шымкенттік азамат Венгрияда қамауға алынды

Шымкенттік ер адам Венгрияда белгісіз жағдайда жоғалып кетті. Туыстары оны соңғы рет әлеуметтік желі арқылы танымал қазақстандық блогердің тікелей эфирінен көрген. Ал кейін оның шетелдіктерді заңсыз тасымалдағаны үшін түрмеде отырғаны анықталған. Қазіргі таңда 27 жастағы Қанатбек Өтебектің туыстары онымен байланысқа шыға алмай отыр. Бұл іске қатысыты елшілік қол қусырып отыр дейді олар. 

Қазақстан азаматы Венгрияда жоғалып кетті. 27 жастағы Қанатбек Өтебектің туыстары жандарын қоярға жер таппай отыр. Шымкенттің тумасы соңғы рет 2- шілде күні байланысқа шыққан. Жақындарынан бірнеше күн хат-хабар ала алмаған туыстары Қанатбектің шетелге шілде айында кеткенін айтады. Алайда, екі-үш күнде елге оралады деп отырғанда, із-түссіз жоғалып кеткен. Чехияға 1 айға туристік виза алған Қанатбектің мақсаты – жұмыс істеп табыс табу болған.

Роза Өтебек, Қанатбек Өтебектің әпкесі: «Турист боп кетті басында, бір айдан кейін келіп, жұмыс визасын аламын деген ойы болды. Таксист болып жүрмін деп айтты».

Такси жүргізуші болып жұмыс істеген азаматты, шетелге «жұмысқа тұрғызып береміз» деп, таныстары шақырған көрінеді. Қанатбектің өзі Венгрияда тұратын қазақстандық блогермен бірге жұмыс істегісі келетінін айтқан. Сол себепті Чехиядан Венгрияға барыпты.

Роза Өтебек, Қанатбек Өтебектің әпкесі: «Такси болып жүрмін деді. Чехия басқа, Венгрия басқа мемлекет қой, Венгрияға барған Беканы іздеп, содан кейін қайтқан жоқ. Басында біз Беканың эфирінен көргеннен кейін, біз оған жаздық, Бірақ жауап болған жоқ. Сөйтіп елшілікке жаздық олар іздестіреміз деді. Олар Бекаға хабарласқан сияқты, себебі ол бізге бірден хабарласаты. «Неге мені қосасыңдар, мен білмеймін ғой» деп. Біз оны кнәлап отырған жоқпыз. Соңғы рет соның эфирынан көрген соң, араға салдық та».

Хабарсыз кеткен соң, туыстары Қанатбекті іздеп блогермен байланысуға тырысыпты. Алайда, еш нәтиже болмағандықтан елшілікке хабарласуды жөн көрген. Олар болса, біраз күте тұруға кеңес беріпті.

Туыстары не істерін білмей дал болып отырғанда, оларға Әзірбайжаннан күйеуі түрмеде отырған бір келіншек хабарласқан екен. Сөзінше, Қанатбек әзірбайжандық әйелдің жұбайымен бірге Венгрияда түрмеде отырған көрінеді.

Роза Өтебек, Қанатбек Өтебектің әпкесі: «Бізге күтіңдер, депорт жасайды деп жүрді. Күттік, күттік, басында 1 аптада жасайды деді, 1 ай, кейін 2 айдан кейін жасайды деді. Күтіп жүрген кезде бізге Әзірбайжаннан бір әйел хабарласты. Күйеуі Қанатпен бірге бір түрмеде, бір камерада ма жатқан шығар енді. Сол әйел біздің папамыздың номеріне ватсаппен шықты. Түрменің адресін, бәрін жіберді. Інілерің сотталып жатыр, заңсыз адам тасығаны үшін деп айтты.  Қанат өзі уайымдамасын деген шығар. Мамасы уайымдап жатыр ғой, сол кісі уайымдамасын деген».

Кейін анықталғандай, Қанатбек өзге елде шетелдіктерді заңсыз тасымалдағаны үшін түрмеге түскен екен. Ал Қазақстан елшілігі туыстарына заңгер жалдау керек екенін айтқан.

Роза Өтебек, Қанатбек Өтебектің әпкесі: «Түрмеде жатыр екен деп, біз елшілікке  түрменің адресін бердік. Сөйтіп олар хабарласқан. «Иә, Қанат жатыр екен, заңсыз такси боп, содан сотталайын деп жатыр деп айтты. Юрист жалдайсыңдар деді. Біз айттық: Мемлекет тарапынан қорғамай ма өзінің азаматын деген сияқты. Жоқ, біз сіздерге 5-6 юристтің номерін береміз, өздеріңіз сөйлесесіздер деді. Одан кейін жоқ».

Жақындарының сөзінше, 27 жастағы азаматты Шымкентте жары мен 4 және 2 жасар ұлы мен қызы күтіп отыр. Ал ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл жағдай туралы ешқандай ақпарат берген жоқ.