«Қараңғы түннен кейін жарық күн шығады»

472

Тағдыр айдарының кезекті кейіпкері редакциямызға хабарласып, жан сырын әңгімеледі. Айтуынша, «Оңтүстік Рабат» газетінің «Тағдыр» айдарында жарияланатын мақалаларды қалт жібермей оқиды. Тағдырының қаталдығына мойымай, Жаратқанның сынағынан шыдаған жандарға басын иеді. Қараңғы түннен кейін міндетті түрде жарық күн шығатынына сенетін ол өз оқиғасын қалың оқырманға баяндауды құп көріпті. Аты-жөнін айтты, бірақ жария еткенімізді қаламады. Бастысы өмірде бар адам, оқиғасы рас екеніне көзіміз жетті. Хикаясын жазып алып, қаз-қалпында жарияладық.

«26 жасымда екі аяғымнан айрылдым»

Үйде отырамын. Мүгедекпін. Қолөнермен айналысатын уақыттан тыс газет журналдар оқимын. «Оңтүстік Рабат» газетінің «Тағдыр» айдарында жарық көрген оқиғаларды қалт жібермеймін. Үнемі оқып, қатал сынаққа ұшыраған жандардың оқиғасы көзіме жас келтіреді. Әдепкі оқырман ары кетсе «обал болған екен, Құдай басқа салмасын» деп, жаны ашып өте шығатыны анық. Ал тағдырлас жандар міндетті түрде көзіне жас алады. Өйткені, бірін-бірі түсінеді.
Мен өз оқиғамды баян етейін. Небәрі 26 жасымда, аттай шауып жүргенімде екі аяғымнан айрылдым. Жолаушылап келе жатып, пойыздан түсетін сәтте түсіп үлгірмедім. Пойыз ақырындап қозғалып кеткен. Уақыт өткен сайын жылдамдығы артып барады. «Мен секіріп түсемін» деп жерге қатты құладым. Сол құлағаннан қайтып орнымнан тұра алмадым. Өйткені омыртқама өте қатты зақым келген екен. Сол сәттен мүгедек болып қалдым. Жолдасым және кішкентай қызым бар. Өмірден түңілдім, қатты қиналдым. «Жүре алмаймын» деп бәрінен баз кештім. Алайда қызымды ойлап, ақымақтыққа бармадым. Осылайша арбаға таңылып қалдым. Уақыт зымырап өтіп жатты. Арада бір жыл өткенде күйеуім қызымыз екеумізді тастап кетті. Менімен бірге өмір сүре алмайтынын айтты. Мен де оны ұстауға дәрменім жоқ. Келіспесем де кетейін деп тұр. Сондықтан да оны өз разылығыммен жібердім. Сол кезден бастап, бар арманым қызымды асырап, жеткізу болды. Іс тігуге ынтам ашылды. Көршілерімнен көрпешенің, жастықтың тысына тапсырыс қабылдай бастадым. Осылайша табыс табатын. Ата-анам мен бауырларымның көмегімен өмірім өтіп жатты. Тапқан табысым қызым екеумізге жететін еді. Арасында ауырып қалатыным болмаса үйді де тазаладым, тамақ та жасадым, қызымды оқуға шығарып салып күтіп аламын былайша айтқанда мүмкіндігі шексіз адамдай күн кештім.

«Күйеубалам қызыма таңдау қойды»

Уақыт зымырап өтіп, қызым да бойжетті. Бағыма орай, жалғыз қызым өте ақылды болып өсті. Бала болып ойнамады, қыдырмады. Бар ынтасын оқуына арнады және маған қарады. Арманы – мықты маман болып, мені аяғыма тік тұрғызу болды. Сол мақсатта еңбектенді. Маған ең бастысы оның амандығы қымбат. Өмірімнің мәні де сәні де қызым.
Сонымен қызым да жоғары оқу орнын бітіріп, жұмысқа орналасты. Өте еңбекқор, білімді болды. Сондықтан да жұмыс тез табылды. Табысы да жақсы. Алайда жасы кетіп бара жатыр. «Мені емдеткенше тұрмысқа шықпаймын» дейтін. Бір күні қызымды қарсы алдыма отырғызып, мен үшін өз өмірін талқандамауын сұрадым. Тұрмысқа шығуын өтіндім. Бала сүйіп, ана атануын көру арманым екенін айттым. Туыс-туған болып, оған өзінің де жеке өмірі бар екенін есіне түсірдік. Мені тұрмыс құру арқылы бақытты ете алатынын жеткіздік. Қызымды ұнатып жүретін бір жігіт бар еді. Сол жігітке тұрмысқа шығатын болды. Мәз-мейрам болып тойға дайындалдық. Ананың бақыты перзентінің бақыты ғой. Мен үшін қызымның бақытты болуы бақыт еді. Той өтті. Қызым кетті, жат-жұрттық болып. Бірақ бір аптадан кейін күйеу балам екеуі келіп, мені алып кетті. Сөйтсем қызымның басты талабы «егер, анамды қолымызға алсақ қана саған тұрмысқа шығамын» деген сөзі екен. Жігіт те оған келіскен. Қызымнан басқа барар жерім жоқ сондықтан мен де қуана келістім. Үшеуміз бақытты өмір сүрдік. Бірақ уақыт өте келе, жігіттің шыдамы таусыла бастады. Мен оны байқадым. Түнде де келіп қызымның маған сыртқа шығуыма, басқа тірліктерге көмектесетіні ұнамады. Өзінен көрі маған көбірек көңіл бөлетінін айтатын. Екеуінің арасында ұрыс-керіс жиілей түсті. Күн өткен сайын берекеміз кетті. Осы кезде қызыма мені қарттар үйіне өткізіп, өз отбасын сақтап қалуды қайта-қайта айтқаныммен ол келіспеді. Тіпті мені тыңдамады. Ақыр соңында күйеу баламыз бізді тастап кетті. Сол кезде тағы бір өлгендей болдым. Өйткені мен үшін перзентімнің тағдыры талқандалып жатыр. Қызымның отбасына зияным тигені жаныма батты. Осылай қиналып жүргенімде қызым «Мама, егер ол мені шын жақсы көрсе, сенің жағдайыңды көріп тұрып, маған таңдау қоймас еді. Сенің менен басқа барар жерің жоқ екенін, менен басқа балаң жоқ екенін біле тұра осындай ақымақтыққа бармас еді. Демек маған деген құрметі де сезімі де шынайы емес. Сондықтан ешқандай да өкінбеймін» деген сөзі жаныма арқау болды. Сол кезде барып, ол жігіттің «не анаң немесе күйеуің» деп таңдау қойғанын білдім. Бәрібір өзіңді іштей жеп қояды екенсің. Осылайша қызым қайтып тұрмысқа шықпайтынын айтты. Арада уақыт өтіп жатты.

«Қазір бақыттымын, өмірге өкпем жоқ»

Қызым мені мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ақылы шипажайларға жиі алып баратын. Кезекті ем қабылдау кезімізде мен сияқты арбаға таңылған жап-жас жігітпен танысты. Екеуінің әңгімесі жарасты. Таңды-таңға ұрып әңгімелесетін болды. Бір-бірін түсінді. Ол бала да Жаратқанның жазмышымен осындай жағдайға душар болған екен. Қолөнермен айналысатынын білдік. Осылайша сол 14 күнді бір отбасындай бірге өткіздік. Кейін үйімізге келген соң, қызым тағы да тұрмысқа шығатынын айтты. Мен «кім» деп сұраған жоқпын. Өйткені ана жүрегі сезеді ғой. Бірден білдім. Қарсы болмадым. Мен олардың арасындағы шынайы сезімді байқадым. Қарсы болуым мүмкін емес еді. Бір-бірін көзқарастары арқылы түсініп отырады. Тура қызым екеуіміздің бір-бірімізді ыммен түсінетіндей. Сондықтан қарсы болуым ақымақтық болар еді. Той болды. Күйеу баламның ата-анасы да яғни құда-құдағиым да жақсы адамдар екен. Менің қызымды төбелеріне көтерді. Біз бірге тұрдық. Әлі біргеміз. Күйеу балам екеуміз қолөнермен айналысамыз. Түрлі тапсырыстар қабылдаймыз. Ал қызым жұмыс істейді. Қазір тәп-тәтті екі немерем бар. Олар дегенде шығар жаным басқа. Ең бастысы қызым бақытты. Жанын түсінетін, шынайы сүйетін өте мейірімді өзін де мені де сыйлайтын күйеуі бар. Сондықтан да мен бақыттымын. Өмірге өкпем жоқ.
Сөз соңында айтарым, Жаратқанның жақсылығынан ешқашан үміт үзбеу керек екен. Жанымыз таза, ниетіміз дұрыс болса, Жаратқан ием күн-шуағын төгеді. Мен аяғымнан айырылғанда бір өлдім. Күйеуім тастағанда екінші рет және қызымды бірінші күйеуі тастағанда үшінші рет өлдім. Өмірден түңілген сәттерім көп болды. Соның бәрінде түбінде бір жақсылықтың болары мені сендірді. Сол үмітпен күн кештім. Үмітім алдамады. Сіздер де тек жақсылыққа сеніңіздер. Өмірде қандай қиыншылық болса да соңында бәрібір бақытты болатыныңызды сол қиыншылықты жеңетініңізді біліңіз. Менің айтпағым осы.

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №22, 29 мамыр 2019 ж