Úı ANONS Қарттар үйі: «Сан тағдыр- бір үміт»

Қарттар үйі: «Сан тағдыр- бір үміт»

фото ҚҮБҚ

Қазақ «Қариясын сыйлаған елде қасиет бар» дейді. Қазанның алғашқы күні – қарияларға құрмет көрсететін ерекше мереке. Бірақ бұл күнді немере-шөбересінің қасында емес, қарттар үйінде қарсы алып жатқан жандар да бар. Олардың арманы қандай? Жүрегінде қандай үміт бар?

Мәмбет Құрманбаев – осы орталықта 16 жылдан бері тұрып келе жатқан жан. Өмірінде талай белесті бағындырып, кезінде тіпті партияда тілші болған қария бүгінде күнделікті тұрмысына шүкіршілік етеді. «Қарнымыз тоқ, киіміміз бүтін. Одан басқа не керек?» – дейді ол күлімсіреп. Бірақ, жанарындағы сағыныш сәулесі жақындарының жиірек келуін аңсайтынын бірден байқатады.

Мәмбет Құрманбаев, қала тұрғыны: «Жақындарым келіп тұрады. Осыдан 32 жыл бұрын ажырасып кеткенмін, балаларым келеді. Келгенде аналарының ықпалы шығар соған кешіріңкілеп келеді. Анасы жібермейді. Бізде ұрыс, жанжал болмаған».

Мұндағы қариялар жақын-жуықтың мейірімін орталық қызметкерлерінің қамқорлығынан сезінеді деуге болады. Мәселен, жасы 90-ға таяған Бейімбет атай жарымен 2002 жылы ажырасқан екен. Айырылысқан соң, балаларымен жүздесуді қалап отбасын іздеген. Бірақ таба алмадым дейді. Айтуынша басар тауы қалмаған қария, мемлекеттің қарамағына келдім дейді. 6 жылдан бері қариялар үйінде тұрып жатқан ақсақал қазіргі жағдайына дән риза.

Бейімбет Ахметқалиұлы, қала тұрғыны: «Бөлмеде теледидар, тоңазытқыш бар. Қыздар жақсы қарайды. Күніне 2 рет қан қысымын өлшеп отырады. Денсаулығымызды тексеріп отырады. 4 мезгіл тамағы бар. Киім кешектің бәрі жуулы».

Бүгінде әлеуметтік көмек көрсету орталығында қарияларға жеті түрлі қызмет ұсынылады: медициналық тексеру, заңдық кеңес, тұрмыстық қолдау және еңбекке бейімдеу секілді. Сонымен қатар, бос уақыттарын мәнді өткізу үшін арнайы бөлмелер қарастырылған.

Перизат Сәдібекқызы,  №2 Арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры: «Бұл дата біз үшін айтулы күн. Өйткені біздің мекемеміздің құрылғанына 60 жыл. Қазір бүгінгі таңда бізде 163 ата,апаларымыз бар. Оның 109 ер кісілер. 54 – і әйел аналарымыз».

Мерекелік шарада қарттар замандастарымен әңгіме-дүкен құрып, өнерпаздардың концертін тамашалады. Қарапайым ғана бас қосу, мерекені күткен қариялардың жүрегін жылулыққа толтырды.

Ботакөз Әнуар