Барлық аурудың емі – күн. Кезінде Гиппократ осылай айтқан екен. Дегенмен, бүгінде дәрігерлер күнде көп жүруге болмайтынын айтады. Себебі, күн сәулесі түрлі тері ауруларын тудырады. Тері обыры – соның бірі. Бұл ауру әлемде орта жастан асқан жандар арасында көп кездеседі. Сондықтан болса керек, дүниежүзі дәрігерлері жылына бір рет, мамыр айында тері қатерлі ісігі айлығын өткізеді. Мақсат – жаз мезгілінде күн көзінде ұзақ жүрудің зиянын түсіндіру. Ауру жайлы хабардар ету. Осы ретте биылдың мамыр айының үшінші аптасында Шымкент қалалық онкологиялық орталығында «Тері қатерлі ісігінің алдын алу және ерте анықтау» бойынша ашық есік күні өтті.
КҮН СӘУЛЕСІ ТЕРІ ОБЫРЫНА ӘКЕП СОҒАДЫ
Иван Бычков (аты жөні өзгертілген-ред) «Ашық есік» жайлы теледидардағы хабарландырудан естіп-білген. Айтуынша, көптен бері дәрігерге қаралуды жоспарлап жүріпті. Бірақ, жұмыстан қолы еш босамаған.
– Бірнеше айдан бері көзімнің алдында сүйелге ұқсас бір түйін пайда болды. Өз бетімше түрлі жақпаларды алып емделдім. Бірақ, қайтатын түрі жоқ. Сосын қыста тері аурулары ауруханасына бардым. Ондағылар онкологиялық орталыққа жіберді. Десек те жұмыстан қол тимей тағы біраз жүріп қалдым. Кенет, демалыс күндері де қабылдау жүргізілетінін хабарландырудан білдім. Сөйтіп, осында келдім. Сөйтсем, сүйел деп жүргенім – тері рагы екен. Дәрігерлердің алдын ала болжамы осындай. Толық диагноз қою үшін кеңейтілген тексеру мен сараптамалардан өтуім керек,-дейді ашық есік күніне келген Иван Бычков.
Қалалық онкологиялық орталықтың онколог-дәрігері Тұрсынбек Саимқұловтың айтуынша, сенбілік қабылдауда жиырмашақты адам тексерістен өткен. Олардың көбісі орта жастан асқан әйелдер, ал ер азаматтар саусақпен санарлық. Дегенмен, солардың біреуінде тері обырының визуалдық белгілері анықталған.
– Күн сәулесінің «Альфа», «Бета» сәулелерінің теріге кері әсері бар. Яғни күн көзінде шамадан көп жүрудің салдарынан терінің ашық бөліктерінде, бет, мойын, қолдың терісінде тері обыры пайда болады. Мұның айқын белгілері болмайды. Қышымайды, мазаны алмайды. Тек кішкентай сүйел пішінде дамиды. Сондықтан да көп жағдайда науқастар ісікке шалдыққанын білмей жүре береді,-дейді онколог-дәрігері Тұрсынбек Саимқұлов.
Дәрігердің айтуынша, ең қауіптісі де осында. Себебі, көп жағдайда әйел кісілер тері ісігін артық ет не сүйел деп косметологиялық жолмен алып тастауға тырысады. Ал бұл дертті одан әрмен қоздырып жібереді екен. Өйткені, косметологтар ісікті түбімен алмайды. Арада уақыт өте ол қайта шығады. Жаңасы шығып қана қоймай, түйін тастап көбейеді. Егер сүйел жақпа майлардан кетпесе, онда ол сүйел емес, тері обырына жатады.
МЕЛАНОМА – ӨТЕ ҚАУІПТІ ІСІК
Түйін тастап көбейетін тағы бір қатерлі тері ісігі — меланома. Бұл өте қатерлі, әрі қарқынды дамитын ісік. Тұрсынбек Саимқұловтың айтуынша, бұл ісік бойында қалы көп адамдарда жиі кездеседі. Себебі, қарапайым қал күн сәулесінің әсерінен бертін келе ісікке айналады екен.
Дәрігер бұл дерттің де маусымдық екенін айтады. Яғни, ол да күн ысығанда қозады. Дейтұрғанмен оның пайда болуына басқа да факторлар әсер етеді. Олар:
1. Тұқым қуалаушылық;
2. Күн сәулесінің теріге әсері;
3. Денеде қалдың көп болуы;
4. Жұмыс істеу ортасына байланысты.
– Егер ата-анасының біреуінде осы дерт кездессе онда ісіктің берілуі 10-20 пайызды құрайды. Бірақ, баланың иммунитеті мықты болса, ауру берілмеуі де мүмкін. Тағы бір атап кететін жайт, қалы көп жандардың аталмыш ауруға шалдығу ықтималдылығы жоғары. Себебі, қалдың жарақат алуы немесе күн сәулесімен ұзақ жанасуы, шаң тозаңда, химиялық-радиооктивті жерде жұмыс істеу де аталған дерттің бас көтеруіне әкеп соғады,-дейді Тұрсынбек Амангельдіұлы.
Сонымен егер бойыңыздағы қал, яғни меңнің:
— түсі өзгерсе;
— пішіні өзгерсе;
— қышыса;
— түк пайда болса;
— беті жараға айналса міндетті түрде онколог дәрігерге қаралыңыз. Себебі, бұл меланоманың белгілері.
121 науқас есепте тұр
Маман ұсынған сандарды сөйлетсек, бүгінгі таңда республика бойынша қатерлі тері ісігіне шалдыққан 2200 науқас бар екен. Облыс бойынша науқастардың саны — 121. Олардың жартысынан көбі — шымкенттіктер. 2018 жылы мелономамен 20 науқас есепке алынған. Маман жыл сайын осындай диагнозбен 20-25 адамды есепке алатынын айтады. Ал республика бойынша 1 жылда 300-350 адамда тері рагы анықталатын көрінеді.
Ата кететін тағы бір мәселе, тері обыры мен меланома көбіне аққұба жандарға үйір келеді. Яғни европалықтарда жиі кездеседі. Өйткені, олардың терісінің күн сәулесін өткізу қабілеті жоғары. Сондықтан да, статистика бойынша БҚО және СҚО-да аталған дертпен ауыратындар көбірек. Себебі о, жақта славян ұлттары көп тұрады.
Сондай-ақ, маман тері рагын ерте анықтап, дер кезінде ота жасалса жазылып кетуге болатынын айтады. Және ол науқастың өмір сүру ұзақтығына әсер етпейді екен. Дегенмен, меланома жайлы былай айта алмаспыз. Онымен ауырғандардың өмір сүру көрсеткіші қысқарады. Яғни олардың 40-50 пайызы қайтыс болады.
Есте сақтаған жөн, тері обыры да, меланома да тек ота жолымен алынып тасталады. Ота кезінде жалпы наркоз қолданылады. Бұл дерттің асқынып, түйін тастауына тосқауыл болады. Сондықтан да дәрігерлердің «косметологқа бармаңдар» деген жанайқайы орынды. Олар жалпы наркоз қолданбайды. Тек жергілікті наркоз жасайды. Ал бұл ісіктің түйін тастап, асқынып көбеюіне әкеп соқтырады.
Сондықтан да мамандар, егер жоғарыда аталған белгілердің бірін байқасаңыз уақыт оздырмай, өздігінше ем қалыдамай бірден онкологиялық орталыққа келуге кеңес береді. Мұндағы мамандар сенбі күндері де науқастарды қабылдауға дайын.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ