Шымкенттік онкологтар ракқа шалдыққандарға лапароскопия әдісімен ота жасауда

236

Шымкенттің онколог дәрігерлері қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға пышақсыз ота жасауды бастады. Бұл үшін орталыққа жаңа лапараскапия аппараты орнатылды.
Жаңа аппараттың көмегімен жақында мамандар ерекше ота жасады.

Ерекшелігі сол мамандар сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққан науқастың аналық безін хирургиялық жолмен алып тастады.

Операциядан бұрын пациент бірнеше химиотерапия курсын қабылдаған. Дегенмен, сол емнің нәтижесіне қарамастан науқастың бауырының оң жақ бөлігіне және омыртқа сүйектеріне метастаз көп тараған, өміріне қауіп төндендіктен, Алматы қаласындағы Қазақтың онкология және радиология ғылыми зерттеу институты мамандары тарапынан: науқаста сүт безінің гармонға сезімтал ісігі болғандықтан, аналық безін алып тастау отасын жасау қажеттігі туралы кеңес берілді.

42 жастағы науқасқа, қалалық онкологиялық орталықтың онкогинекология бөлімінің мамандары лапароскапия аппаратының көмегімен ота жасады. Дәрігерлердің айтуынша, операция сәтті шығып, пациенттің денсаулығы жақсарып келеді.

Айта кетейік, лапараскапиялық аппаратпен ота жасау науқастар үшін әлдеқайда тиімдірек. Себебі отадан кейінгі ауырсыну синдромы айтарлықтай аз, косметикалық әсері айқын, тыртық қалмайды әрі науқастың стационарда жату мерзімі азайып, пациенттің еңбекке қабілеттілігі қысқа мерзім ішінде қалпына келеді.