Бір жылдық дәрі 9 айда таусылған

338

«Дәрі-дәрмек тапшы. Тегін берілетін дәріні ала алмай отырмыз». Шымкент қалалық онкологиялық орталығында ем қабылдап жатқан науқастар осылай деп даурықты. Олардың сөзінше, емге аса қажет 8 түрлі дәрі берілмей жатыр екен. Солардың қатарында әріптесіміз, журналист Динара Мусаева да бар.

КӨП ТҮКІРСЕ КӨЛ

«Журналистің жегені жантақ, арқалағаны алғыс» деген сөз бекер айтылмаса керек. Қандай да бір түйіні тарқатылмаған күрмеулі мәселені шешудің арғы жағында журналистер қауымының тұратыны бар. 20 жылдан бері жаңалықтың жаршысы болып келген белгілі журналист Динара Мусаеваның да алған алғысы мен жеген жантағы аз болмады. Басқаға жақсылық жасауға ұмтылатын елгезек, ақкөңіл әріптесімізге де рухани және материалдық тұрғыдан қол ұшын беретін жан керек. Қатерлі ісікке шалдыққан әріптесіміз химиятерапияның төртінші курсын алып жатыр. Дерт деңдеген ол жұмыс істеуге қауқарсыз. Жанына шипа болар дәрілер бірде бар, бірде жоқ. Оның осы мәлімдемесінен кейін Шымкент қалалық онкологиялық орталығына жұрт назары ауып, дәрі тапшылығы мәселесі Денсаулық сақтау министрлігіне жетті.

«Дәрі-дәрмекті басқа жақтан сұратамыз»

Қатерлі ісікпен күресіп жүрген шымкенттіктерге дәрі-дәрмектің жетіспей жатқанын қалалық денсаулық сақтау басқармасы да мойындайды. Басқарманың мәліметінше, дәрінің тапшылығы «ракпен» ауыратындар санының артуынан болып жатыр.

– Қатерлі ісікпен ауыратындардың саны жылдан жылға артып келеді. Биыл 100 000 адамға шаққанда – 100,4 адам болса, былтыр 96,5 адам болған еді. Сонымен қатар, дәрі-дәрмектің жеткізілуі де кешеуілдеді. Салдарынан қазір үшінші мегаполис дәрілерді Шығыс Қазақстан облысы және Нұр-Сұлтан қаласынан сұратуға мәжбүр,- дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбішев.
Айта кетейік, жүргізіліп жатқан скрининг тексерістер халық арасындағы ауруды анықтауға өз септігін тигізуде. Мәселен, биылдың 9 айында Шымкент қаласы бойынша 85 595 адам тексеруден өтсе, соның 12 000-да онкологиялық ауру анықталған. Олардың 11 мыңы бақылауға алынған. Шымкент қалалық онкологиялық орталықта қатерлі ісікпен тіркеліп, химиятерапия алатын – 1290 науқас болса, соның 276-сы жақында анықталған. Нәтижесінде жыл соңына дейін шақталған дәрілер таусылып қалыпты.

ДӘРІ ТАУСЫЛСА ДА, ЕМ ҮЗІЛГЕН ЖОҚ

Ғалымжан Әбішевтің сөзінше, дәрі таусылғанымен ем үзілмеген. Қажет препараттарға тапсырыс берілген. Ал дәрі-дәрмек жеткізілгенше науқастарға сол дәріні алмастыратын баламалары беріледі.
– Дәрі-дермекті жеткізумен «СК-Фармация» ЖШС айналысады. Онкоорталық осы мекемеге сомасы 1 067 567 041,96 теңгені құрайтын 30 түрлі дәріге тапсырыс беріпті. Компания 25-қыркүйекке дейін препараттарды онкологиялық орталыққа жеткізіп беруі тиіс болатын. Дегенмен Бірыңғай дистрибьютор тарапынан дәрі-дәрмектер 7-10 күнге кешіккен. 10 қазандағы жағдай бойынша сомасы 44 089 032,10 теңгені құрайтын дәрі-дәрмек тағы да уақытылы жеткізілмеді. Аталған дәрілік заттар жоқ кезде көрсетілген препараттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарға 11 онкопациент мұқтаж болған. ҚР ДСМ бекіткен қатерлі ісіктерді диагностикалау және емдеу хаттамалары шеңберінде осы науқастарға дәрілік заттардың аналогы берілді,- дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының орынбасары Ғалымжан Әбішев.

Ол науқастарды дәрі-дәрмекпен қамту бір жолға қойылғанын, дегенмен тізімдегі 2 дәрі: Летрозол 2,5 мг мен Эпоэтин альфа 40000МЕ әлі жеткізілмегенін алға тартты. Айтуларынша, біріншісі қарашада жеткізіледі, өйткені сертификат қағаздары толық ресімделмеген. Ал екіншісін 25-қазанда жеткізу жоспарланған.

БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА:
Шымкент қалалық онкологиялық орталығында дәрі тапшылығы мәселесі жария болғанынан кейін Елордадан ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен арнайы топ келді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, министрліктен тексеру келген соң, тапсырыс берілген барлық дәрі онкологиялық орталыққа жеткізіліпті.

Білген жөн!

Төменде көрсетілген ауру түрлері бойынша диспансерлік есепте тұрған азаматтар тегін дәрі алады.
– Пневмония, тыныс демікмесі;
– Өкпенің созылмалы обструктивті ауыруы;
– Ауытқулар;
– Жүректің ишемиялық ауруы;
– Созылмалы жүрек ауруы;
– Жүрек клапаны протезделген аурулар;
– Ағза ауыстырылғаннан кейінгі жағдайлар;
– Асқазанда және ішекте ойық жарасы барлар;
– Крон және ойық жаралы колит ауруымен ауыратындар;
– В және С вирусты гепатиті;
– Қояншық ауруы.
5 жасқа дейінгі балаларға мынадай ауруларда тегін дәрі берілуі тиіс:
– Жұтқыншақтың қабынуы, бронхит, тонзилит.

Мына ауру түрлеріне шалдыққан 18 жасқа дейінгі азаматтар тегін дәрімен қамтамасыз етіледі.
-Пневмония, темір тапшылығы анемиясы.
Бір жасқа дейінгі балалар рахит ауруын емдеуге арналған дәрілермен, сондай-ақ төмендегі жағдайларда бала өмірінің алғашқы жылдарында оларға ана сүтін алмастырғыштар беріледі:
– Қан ауруларының ауыр түрлері;
– Онкологиялық қатерлі ісік аурулары;
– Психикалық аурулар (психоздар немесе бала туғаннен кейінгі ауыр депрессия);
– Бүйрек ауруларының ауыр түрлері;
– Туа бітті жүрек аурулары;
– Анасының іріңді-септикалық ауруларымен ауыруы;
– Эндокриндік аурулардың ауыр түрлері;
– Аллергиялық ауруардың ауыр түрлері;
– Сүт азаюының бастапқы формасы;
– ВИЧ/СПИД;
– Туберкулездің ашық түрі;
Немесе:
– Балалар асырап алғанда;
– Көпұрықтық жүктілік;
– Анасы оқу орнының күндізгі бөлімінің студенті болса;
– Анасы стационарлы бөлімде емдеуде болса;
Немесе егер балада:
– Сүт жетіспеушілігі расталса;
– Галактоземия;
– Фенилкетонурия;
– «Кленовый сироп» ауруы болса.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №43, 23 қазан 2019 ж