Субұрқақты жөндеуге 49 млн. теңге бөлінді

171

Шымкентте 10 жылдан бері жұмыс істемей тұрған субұрқақты қайта құру жұмысы басталды. А. Байтұрсынов көшесіндегі субұрқақ пен гүлзарды қайта жаңғырту үшін қала бюджетінен 49 млн. теңге қаражат қаралыпты. Мердігерлер құрылысты желтоқсан айында аяқтауы тиіс.

Аптап ыстықта демалушылардың көңілін құлазытып, салқын лебін шашпай істен шығып, жұмыс істемей тұрған ескі субұрқақ соңғы рет 2000 жылдары жөндеуден өткен екен. Енді оның орнына құрылысшылар көлемі үлкен, жаңа субұрқақ салмақ. Бетон құюға қалып дайындап та қойыпты.

Құрылысшылардың айтуларынша жаңа гүлзарда демалушыларға керектінің бәрі қарастырылады. 2 600 шаршы метр жерде көкмайса егіледі. 1400 шаршы метр жолаяқ төселіп, 22 орындық, 33 қоқыс құтысы қойылады және тал-дарақтар отырғызылатын болады.

Сала мамандарының айтуынша Шымкентте жөндеуді талап ететін және бір субұрқақ бар. Әл Фараби алаңындағы әуенді субұрқақтың істен шыққанына 2-3 жыл болыпты. Мамандар нысанның ақауын анықтап қажетті қаражатты есептеп жатыр екен.

Кесте бойынша қазан айының бірінші жұлдызынан бастап қаладағы барлық субұрқақтар жұмысын тоқтатады. Мамыр айында мегаполиске қайта салқын лебін сыйлайтын болады. Жалпы шаһардағы барлық 23 субұрқақ пен 18 жер асты тік үңғымаларды күтіп ұстау үшін биыл қала бюджетінен 180 млн. теңге қаражат бөлініпті.

Нұрлан Күдерұлы