2 облыстың тұрғындарын алдап, алаяқтық бойынша іздеуде жүрген күдікті бойжеткен құрықталды

248

Ағымдағы жылдың 24-қазанында Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғынның бірі келіп, сеніміне кіріп, алдап және үйіндегі 120 мыңнан астам теңгесін ұрлап кеткен қыз туралы арызданады.

Аталған жайт ҚПБ қызметкерлерімен ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіледі. Жәбірленушіге күдікті қыз өзін жалған есіммен таныстырып, жалған өмірбаянын баяндап, Қарағандыдан Түркістан облысына ауысып келіп пәтер іздеп жүргендігін, медицина саласының қызметкері екендігін айтып, ақыр соңында сеніміне әбден кіргеннен соң айласын асырып кеткен. Түркістан ҚПБ-ның жедел уәкілдері аталған жайтқа байланысты іздестіру мен күдіктіні құрықтау әрекеттеріне кіріседі.

Іздестірілу жұмыстары жүргізіліп жатқанда полиция басқармасына жергілікті тұрғындардың бірінен соң бірі келіп, Қарағанды қаласынан ауысып келгенмін деп өзін таныстырған қыздың ақшаларын алып, сол күйі бермей кеткендігі бойынша арызданған тұрғындар саны артады. Аталған арыздар ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруге тіркеуге алынады.

Арызданушылардың бірі күдікті қыздың «сантехник» етіп жұмысқа орналастырамын деп 15 мың теңгемді алды десе, екінші және үшінші бір тұрғындар «жүргізуші» етіп жұмысқа орналастырамын деп 30 мың теңгемізді алды, енді бірі «оператор» етіп жұмысқа орналастырамын деп 58 мың теңгемізді жымқырды деп шағымданады. Алаяқ қыздың соншалықты әккілігі кез-келген адаммен сөйлескенде сеніміне тез кіріп, ал жәбірленушілердің ақшаларын кез-келген танысқан адамдарының кәртішкесіне салдырып, қайта сол сәтте ақшаны сөгіп алып, мейірімді және сенгіш адамдардың сенімін пайдалану арқылы, ізін жасырып отырған.

Бұл іске белсене кіріскен Түркістан ҚПБ-ның Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері күдікті бойжеткенді ұстауда біраз қиындықтарға тап болады. Есімі мен барлық мәліметтерін жалған айтқан күдікті бойынша фоторобот жасалады. Сонымен қатар полицейлер бойжеткеннің өзіне қарсы түрлі айлаларды қолданып, ақыры нақты қай жерде тұрып жатқандығын анықтап, Қызылорда қаласының жалдамалы пәтерлерінің бірінен құрықтайды.

Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабымен іс қозғаған Түркістандық тәртіп сақшылары күдікті қыздың Қызылорда қаласында «Нелегал» есебінде тұрғандығын және сол аймақтың 4 бірдей тұрғынын алаяқтықпен алдап кеткендігін де анықтады. Қазіргі таңда күдікті бойжеткен қамауда. Тергеп-тексеру амалдары әлі де жалғасуда.

 

QAINAR KÓZТО ПД-ның баспасөз қызметі