6 рет тұрмысқа шыққан

484

«Біздің қоғамда ажырасқан әйелдерге өте ерсі қарайтынымыз жасырын емес. Ол әйелдің қандай тағдыр тәлкегіне ұшырағаны ешкімді қызықтырмайды. Ойландырмайтыны да анық. Бірақ ешкім мұндай өмірді Құдайдан сұрап алмайды». Редакциямызға хабарласқан кейіпкеріміз әңгімесін осылай бастады. Айтуынша, 45 жаста екен. Осы күнге дейін 6 рет тұрмыста болған. «Кісі басына салмасын» деп айтатындай-ақ тағдыр. Кейіпкеріміздің сөзін қаз—қалпында жариялап отырмыз.

Сәлеметсіздер ме? 45 жастамын. Екі баланың анасымын. Базарда сау-дагер болып жүргеніме 30 жылдан асты. Отбасында үйдің екінші қызы болдым. Кішкентайымнан әпкеме көмектесіп, базарға шығып кеттім. Әкеміз аурушаң адам еді. Анамыз кішкентай сіңліміз дүниеге келген кезде өмірден өтті.
Сондықтан да отбасымызда бас көтерер тек әпкем екеуміз болдық. Сауданы сіріңке сатудан бастадық. Болар-болмас табыс түсетін. Соны үйдегі інілерімізге тамақ алып беруге жеткізетін едік. Мектепте хат танығаным болмаса, оқуды жалғастырған жоқпын. Екі ініміз бен сіңлімізді оқып, жетілдіру үшін барымызды салдық. Сіріңке сатудан басталған сауда уақыт өткен сайын ақырындап ұлғая берді. Байып кеткен жоқпыз. Бірақ қажетімізді толық қамтамасыз етпесек те ешкімнен ештеңе сұрамадық. Негізгі айтарым, бұл емес. Менің айтайын дегенім – өз өмірім.
Мен қалайша 6 рет тұрмысқа шықтым. Тағдырымның осы сырын жария етемін. Қоғамның ажырасқан әйелдерге деген көзқарасынан шаршағаным осы хатты жазуыма түрткі болды.
Базарда істеп жүрген кезім еді. 18-ге енді толғанмын. Бір күні әпкем ауырғыштап базарға шыға алмады. Заттарымды жинастырып, үйге қайтып бара жатқанымда мені алып қашты. Үйіме жақындап қалған едім. Жолды қысқарту үшін бір қараңғы көшеден өтетін едік. Алдымнан екі жігіт шықты да көшенің басында тұрған ақ жигулиге баса көктеп салып, алды да кетті. Ойбайлап, қайда апара жатқандарын сұрағанымда «Ахметке келіншек боласың»,- деді.
Басқа ешеңе де түсіндірмеді. Ол кез сондай жабайы заман еді ғой. Сен ол адамды танисың ба, танымайсың ба, ешкімнің шаруасы жоқ. Жалынып жатсың ба онымен де ешкімнің шаруасы жоқ. Әйел затына деген құрметтен ада уақыт.
Сонымен не керек, бір сағаттан астам жол жүрдік. Кішкентай бір ауылдағы үйге алып келді. Бірнеше әйел басыма орамал жауып әлек. Мен қарсылық көрсетсем, айқайлап, ұрсып тіпті өздерінің де солай келгендерін айтып жатқандары да бар.
Менің қарсылығымды ешкім тыңдамайды. Біраздан кейін шамам жетпейтінін білдім. Олардан болашақ күйеуімнің кім екенін көрсетуін талап еттім. Бір көзі қысықтау 35 жас шамасындағы жігітті алып келді. Көрсетіп, оның мақтауын жеткізіп жатыр. Ана адамға қараймын да көз жасым тоқтамай жылай беремін. Менен 17 жасқа үлкен адам. Өзімді оған қия алмаймын. Оның әпкесі мені базарда көріп ұнатып, інісіне алып бермекші болып, шешім қабылдайды. Анау сүмірейген інісін асырай алатынымды білсе керек. Туысқандарымды шақырғаннан пайда жоғын білемін. Ол кездері 80-дегі шалға тисең де қалдырып кететін заман ғой. Бірақ әпкем келді, мені қимай қатты жылады. Амал жоқ, «әкеміздің атына сөз келмесін, солар ел алдында еңсесі түспесін» деген оймен мен өзімді сол адамға құрбан еттім. Арада жарты жылдай уақыт өтті. Күйеуім сүмірейгенімен әйел затына қол жұмсауға келгенде алдына жан салмайды. Аяғым ауыр болғаныма қарамай бір күні қатты сабады. Пештің аузында тұрған отқа салатын ағашпен ұрды. Соңында есімді білмеймін. Ауруханадан бір-ақ шықтым. Қатты соққының нәтижесінде баламды түсіріп алыппын.
Ауруханада басымды күзеткен әпкем ол үйге қайтып бармайтынымды, ажырастыратынын айтты. Балам түспегенде ойланар ма едім. Бірақ әпкеме арқа сүйедім. Араға бір жылдай уақыт салып жүріп, онымен зорға ажырастым, әйтеуір. Өз-өзіме келу қиын болды. Күнде түсімде жылаған баланың дауысынан қорқып оянамын. Сондай қиын сәтте менің жанымнан табылатын жан – әпкем. Қашан да аялап, ақылын айтып, қайта аяққа тұруыма қатты көмектесті. Қайтадан базарға шықтым. Өзіме келе бастаған кезім.
Араға екі жыл салып тағы да тұрмыс құрдым. Бұл жолы сондай жақсы адам кезікті. Жанымды түсінетін, мені құрметтейтін адам еді. Көлік апатынан әйелі мен баласы қайтыс болған соң бес жыл бойына отбасын құрмаған екен. Ортақ досымыздың туған күнінде таныстық. Ұзақ жүрмедік. Бір-бірімізді таныған соң бірден үйленуге шешім қабылдадық. Үйлендік. Неге осындай адамдар өмірден ерте кетіп қалады екен? Отбасын құрғанымызға жыл толмай ол кісі жол апатынан қаза болды. Осылайша өмір мені тағы да күтпеген жерден сынады. Бұл қаза маған өте ауыр тиді. Ұзақ қиналдым. Жаратқанның жазғанына амал бар ма? Қарсы шыға алмайсың ғой. Маңдайыма жазылғаны осы болғандықтан көндім де. Өкінішке қарай, ортақ баламыз болмады.
Осылайша уақыт өтіп жатты. Сол аралықта ұзақ уақыт төсекке таңылған әкеміз қайтыс болды. Бұл да бізге үлкен соққы. Тағы екі жылдан кейін әпкем өзімнен 20 жас үлкен бақуатты адамға тұрмысқа шығуымды өтінді. Бір ғана баласы бар екен. Ол да есейіп қалған. Өзінің аяғы ауыратындықтан күтімге зәру екенін айтты. Не істерімді білмей жүрген кезім, бірден келісімімді бердім.
Түсінігі мол, сауатты, өте білімді адам екен. Мені өте жылы қабылдады. Ол кісінің барлық жағдайын жасадым. Маған көрсеткен құрметі мен мейірімі сондай үлкен болды. Баласымен де өте жақсы тіл табысып кеттік. Мені «әпке» деп сыйлап тұратын. Біздің ортақ сәбиіміз болмады. Бірінші күйеуім қатты соққыға жыққандықтан болар, менің бала көтеруім үлкен мәселе еді. Сонда да біз сондай бақытты өмір сүрдік. 3 жылдан кейін ауыр дерттен ол кісі де бақилық болды.
Өмірімде үлкен күйзеліс басталды. Өзімді қоярға жер таппаймын. «Неге мен жолаған адамдар өмірден кетеді?» деген сауал миымнан шықпайды. «Енді қайтып тұрмысқа шықпаймын» деген шешім қабылдадым.
Сол кезде әпкем әлі тұрмыс құрмаған еді. «Бауырларымызды жетілдіремін» деп өз өмірін мүлдем ұмытқан. Мен тек бір балаға зар болдым. Бір бала туып алсам, тек сол үшін өмір сүретін едім. Ем қабылдап, отбасын құрмасам да бір балалы болуды армандадым. Уақыт өтіп жатты. Бірнеше жылдан кейін базарда бірге істейтін жігітпен араластым. Бастапқыда жап-жақсы адам еді.
Мен оған тағдырымды айтып бердім. Бәрін жақсы түсінгендей болып көрінді. Ол да бірінші әйелінен ажырасқан екен. Бір-бірімізді жақсы түсінетінімізді айтатын. Бірге тұра бастадық. Екі айдан кейін қол көтеретінді шығарды. Ішіп келеді де үш рет тұрмыста болғанымды айтып мыжи береді. Бір күні қол жұмсамақ болды. Мен амалын тауып қашып шықтым. Қайтып ол адамға қайырылмадым. Тағы да денсаулығымнан айырылғым келген жоқ. Осылайша ел аузында төрт рет тұрмысқа шыққан әйел ретінде қызу талқыланатын болдым.
Бір күні еш ойланбастан, Алматыға кеттім де қалдым. Сол жақта базарда саудамды бастадым. Базарда жүріп бесінші күйеуімді жолықтырдым.
Бар арманым – балалы болу еді. Сезім, махаббат дегенге сенбеймін. Тек қана еркек адамның ақылына, адамгершілігіне мән беремін. Әйелінен ажырасқанына бес жыл болған жігіттің ұсынысын ойланып жатпастан бірден қабылдадым. Жақсы түсінісетін едік. Жаны жайсаң, сондай ақылды азамат. Менің әпкем сияқты отбасының тұңғышы. Бірге туғандарына көп көңіл бөлгендіктен де әйелімен келіспей қала берген. Ажырасуларына да себеп осы болған екен. Ол кездері үйдегі тұңғыштың отбасы алдындағы жауапкершілігі қандай болатынын өз әпкемнен білемін. Оны жақсы түсіне алар едім. Біз үйлендік. Жаратқан қалауымды орындап, бала көтердім. Шекесі торсықтай ұл баланы дүниеге әкелдім. Маған жақындаған жақсы адамдар өмірмен ерте қоштасатындай баламның әкесі де ұлымыз үш жасқа толғанда бізді тастап кете барды.
Өте ауыр тиді, бірақ ұлым үшін еңсемді тіктедім. Ал қызымның әкесімен ұлым 7 жасқа толғанда танысып, отбасын құрдық. Ол да ішкіш болғандықтан екі баламды тыныш тәрбиелеу үшін ажырасып кеттім.
Содан кейін тұрмысқа шықпаймын деген сөз бердім өзіме. Мен ұлы да қызы да бар бақытты анамын. Бастысы әркімнің қойнына кірген жоқпын. Өмірде кездескен жандармен некеде болдым. Күнә жасамадым. Маған берілген сынақ осы болса, сынбай келе жатуым мықтылығым деп білемін. Бірақ, адамдар өз бастарына түспей өзгені түсінбейді. Бәріңізден ойланып сөйлеуді өтінем. Аузыңыздан шыққан әрбір сөз бүгін болмаса да ертең ұрпағыңыздың тағдырына әсер етуі әбден мүмкін. Әйелдер еріккеннен ажыраспайтынын адамдар түсінсе ғой.

Жазып алған – Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №46, 13 қараша 2019 ж