Úı ANONS Қоғамдық көліктегі апат: Ауыр жарақат алған әйел арбаға таңылды

Қоғамдық көліктегі апат: Ауыр жарақат алған әйел арбаға таңылды

Түркістан қаласында қоғамдық көлік апаты бір адамның өмірін өзгертті. Баласымен бірге автобусқа мінген әйел  ауыр жарақат алған. Жәбірленушіге бірнеше ота жасалған ол арбаға таңылған. Мұның бәрі қауіпсіздік шараларының сақталмауынан дейді ол. Ал полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғаған.

Түркістан қаласының тұрғыны Лаура  Досованың  қоғамдық көліктің астына түсіп, арбаға таңылғанына айдан асты. Оның айтуынша, бұған қоғамдық көліктегі қауіпсіздік шараларының сақталмауы себеп болған. Әйел 3 ақпан күні қоғамдық көлікке баласымен бірге мінген.  Автобус жүрген кезде жүргізуші  есігін жаппаған. Ол  баласымен бірге жолға құлаған.

Лаураның оң аяғы екі жерден сынған. Денесінің сау-тамтығы қалмаған. 28 жеріне тігіс түскен. Дәрігерлер оның өмірін аман алып қалған. «Ес жиюым қиын болды» дейді ол.

ЛАУРА ДОСОВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Оқиғадан кейін жағдайым өте ауыр болды. Дене жарақаттарынан бөлек моральдық жағынан қатты соққы алдым. Бірнеше операция, ауырсынулар оңай тиген жоқ. Қазіргі уақытта әлі де ем алу үстіндемін».

Жәбірленушінің айтуынша, оқиғадан кейін бірде бір адам келіп, кешірім сұрамаған. Жас келіншектің жүйке тамырлары да зақымданған. Енді аяқтан тұрып кетуі үшін ұзақ ем алуы қажет екен.

ЛАУРА ДОСОВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Қазіргі уақытта өз бетімше қозғалу қиын. Шектеулер жеткілікті. Ем қабылдау үстіндемін. Денсаулығым бақылауды қажет етеді. Бұл жағдай менің өміріме, өмір сүру сапама айтарлықтай әсер етті».

Оқиғаға қатысты әуелі әкімшілік іс қозғалды дейді жәбірленуші. Мұны  жарақаттарының дұрыс сараланбауынан көреді. Кейіннен қайта арыз жазған. Қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ол әділ тергеуді және материалдық, моральдық шығынды өтеп беруін талап етеді. Облыстық полиция департаменті оқиғаның болғанын растайды.

«Полиция 2026 жылғы 3 ақпан күні Түркістан қаласында орын алған қоғамдық көліктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Алдын ала мәліметтер бойынша, автобус жүргізушісі жолаушыларды отырғызу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етпестен, жүріп кеткен. Нәтижесінде жолаушылардың бірі жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді»
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ

Ал автобус паркі сот үкімін күтеміз дейді. Соған сай әрекет етеміз деп отыр. Бас прокуратураның дерегіне қарағанда, 2026 жылдың ақпан айына дейін  Түркістан облысында 154 жол-көлік оқиғасы тіркелген.  6 адам қаза тауып, 2 жүзден аса адам түрлі жарақат алған.

Дилара Иса