«Баласынан безген келін – жақсылық пен жамандықты ажыратпайды»

388

Газетіміздің №45 санында (6 қараша, 2019 жыл) «Тағдыр» айдарына «Келінім 2 баласын тастап қашып кетті» тақырыбымен оқырман хатын жарияладық. Хатта тату-тәтті, бақытты өмір сүріп жатқан отбасының келіні екі баласын тасап кетіп қалғандығы жайлы жазылған. Келіннің енесі, яғни отбасының анасы сол хикаяны жазып, психолог мамандардан кеңес сұрады. Қашып кеткен келінін екі немересі үшін кешіруге дайын екенін, бірақ қандай амал қолданса да келінін қайтара алмай жүргенін айтады. Ұлының, немерелерінің тағдыры алаңдатқан ананың шақшадай басы шарадай болып, «Психолог бұрышы» айдарына жүгініпті. Кейіпкеріміздің хатына «Психолог бұрышы» айдарының тұрақты кеңесшілерінің бірі, тәжірибелі психолог Қаракөз Момбаева жауап берді. Маман жауабын қаз-қалпында беріп отырмыз.

Редакцияға келген хатты оқи отырып, бүгінгі психологиялық-педагогикалық кеңесімді танымал америкалық психолог, гуманистік психологияның негізін қалаушылардың бірі Абрахам Маслоудың (Маслоу пирамидасы) ұсынған тізбегінен бастағым келеді.
Ол адам қажеттіліктерін маңыздылығына байланысты бес сатыға бөлді. Әр сатыда адамның әртүрлі қажеттілігі орналасқан. Оның өзектілігі де сол — адам пирамиданың жоғарғы қажеттіліктеріне шығу үшін алдымен төменгі қажеттіліктерді қанағаттандыруы керек: Физиологиялық қажеттіліктерге – адамның күнделікті тіршілігіне қажетті: тамақ, су, ауа, ұйқы, демалыс, жыныстық қатынас және тағы басқалары жатады. Бұл қажеттіліктерді қанағаттандырмаса, адам өмір сүре алмайды не толыққанды жетіле алмайды. Өкінішке орай осы деңгейден аса алмаған адамдарды арамыздан байқауға болады.
Қауіпсіздік қажеттілігі – адамдар жиған дүниесін сақтауы: есіктеріне құлып салып, ақшаларын, құнды заттарын банкте сақтайды, өмірлерін сақтап, аурудан, басқа қайғы-қасіреттен алшақ болуға тырысады.
Әлеуметтік қажеттіліктер – адам махаббат, жылулық, достық, сыйластық қарым-қатынасты қажет етеді. Жағымды қарым-қатынас жасап, пайдасын тигізетін ұжым, әлеуметтік ортаға ұмтылады.
Мойындату қажеттіліктері – әлеуметтік ортаға пайдасы тигеннен кейін, махаббатты, жақындықты сезінгеннен кейін өзін мойындатып, мықты әрі сенімді адам болып көрінгісі келеді. Сыйласымдылық пен атақ дәрежені алған адам өзіне сенімді бола бастайды. Сол арқылы өмір сүруге де ұмтылысы күшейеді.
Өзін-өзі басқару сатысында – адам жан дүниесінің қажеттілігі сипатталады. Төмендегі сатылардан өткен адамда өмірдің мәнін түсіну, өзін дамыту арқылы дүниеге жаңаша көзқарас қалыптаса бастайды.
Маслоу пирамидасы арқылы адам өзінің қалаулары мен мұқтаждықтарын дұрыс түсініп отыруы тиіс. Әрбір ата-ана баласының қарапайым мұқтаждықтарын өтемегенше, жоғарғы дәрежедегі қажеттіліктерге қызықпайтындығын түсінуі керек. Абрахам Маслоудың болжауынша соңғы сатыға тек екі пайыз адам ғана шыға алады екен. Соңғы сатыда адам өзін-өзі рухани дамытады, «ақиқат», «адамгершілік», «ар-ұждан», «адалдық», «сүйіспеншілік», «ешкімге, еш уақытта қиянат келтірмеу» осы сатыда қарастырылады. Ал Сіз қай сатыда екеніңізді бір сәт ойлап көрсеңіз, артық етпейді.
Тәндік қажеттілік – табиғи қажеттілік (тұлғалық дамудың бірінші сатысы). Ол барлық адамға тән. Тәннің қажеттілігі оның бойындағы жанның басқаруына байланысты. Тән санадан жоғары болса, онда адам бірінші орынға тәндік қажеттілікті қойып, рухани құндылықтарды ысырып тастайды. Бұл кезде адам қара басының қамын ойлап, ар-ұяттан «безіп» кетеді. Тәнімізді, жеке бастық қажеттіліктерімізді РУХ басқарғанда ғана біз үйлесімділікте боламыз. Бізге рухани ұмтылыс қажет.
Көздері жәудіреген, бауыр еті балаларынан, күн-түн жұмыс жасап, бар жақсыны алдына тосқан, асыраушы жұбынан, қас-қабағына қараған ата-анадан безген «келін», өз әрекеті арқылы, санасын тән қажеттілігіне бағындырып, жақсылық пен жамандықты ажырата алмай, адасып, рухани саулығына зардап келтірді. Өкініштісі, оның бойындағы орны толмайтын олқылық – өмірін улап, қажетсіз нәрселермен айналысып (әлеуметтік желілердің әлегінен шыға алмай) бос өткізгені, ізгілікке бастар жанында жақсы адамдардың табылмауы, өмірдің мәні мен құндылығын сезінбей кетуі.
Психологтар көмек сұраған адамға қол ұшын беруге әзірміз, дегенмен де, әркім өз жолын өзі таңдайды, кедергілерден өзі өтеді. Егерде өмірдің мәнін түсіне білсек және осындай келеңсіздіктердің алдын алсақ, ешкім де психологиялық жарақат алмайды, қасірет шекпейді. Сондықтан да баршамыз өмірдің мәнін дұрыс түсінуге тырысайық. Осындай ізденіс ақыр соңында адамды қайрап, оның бойына сенімді қалыптастырады. Өмірде қиындықты, кедергіні басынан көп өткізген адам, оларды жеңіп өмірдің мәні жөнінде терең ойланады, шешімін тауып, басқаларға үлгі бола алады. Егерде өмірдің мәнін ар-ұжданымыз арқылы түсіне білсек, рухани байлықты бойымызға мол сіңіре білсек, өмір соққысына мойымай, кез келген қиыншылықтар мен жан азабын жеңіп, ұлағатты өмір сүреміз. Өмірдің мәнін іздеп қана қоймай ол үшін күресу керек, ал күресу үшін КҮШ-ҚАЙРАТ керек. Қажымас қайрат тілеймін.

«Оңтүстік Рабат», №47, 20 қараша 2019 ж