Қытайдан шыққан коронавирус күні бүгінге дейін 15 елге тарап үлгерген

184

Қытайдан шыққан коронавирус күні бүгінге дейін 15 елге тарап үлгерген. Аталған ауру анықталғалы бері аспан асты елінен Қазақстанға 25 000-нан астам азамат шекара асып өткен. Оның 23-нің дене қызуы бар екені анықталған.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Дене қызуы көтерілген азаматтардың барлығы бақылауда. 4 адамда түрлі инфекция болуы мүмкін деген күдікпен ауруханаға жатқызылды. Вирустардың арасында айтарлықтай айырма болмағандықтан оларды ауруханаға жедел респираторлық-вирустық инфекциясы бар болуы мүмкін деген күдікпен жатқыздық. Қазіргі таңда барлық қажетті анализдер алынды. 3 күннің ішінде детальді диагностика жасалатын болады».

Ал Қытайдың Ухань қаласында біздің елімізден барған 98 студент бар. Сыртқы істер министрлігінің өкілдері олардың барлығымен байланыста екенін хабарлады. Қажетті заттарының барлығы бар, өздері оқитын университет бар құрал-жабдықпен қамтамасыз етіпті. Алайда, оларды дәл қазір елге әкелу мүмкін емес. Бүгінде Сыртқы істер министрлігі оларды Қазақстанға әкелу үшін көрші елмен келіссөздер жүргізіп отыр.

Шахрат Нұрышев, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары: «Біз қазір Қытайдағы студенттерді эвакуациялау мәселесін пысықтап жатырмыз. Бұл мәселе бойынша Қытай тарапына ресми МӨБ жіберілді. Қазіргі кезде ұшатын ұшақтың қай маршрутпен баратынын, қай жерге тоқтайтынын, қай жақтан алып кететінін сол нақты сұрақтар пысықталу барысында».

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері Қытайдан жеткізілетін тағамдардан қауіп жоқ деп сендіреді. Аталған вирус +36,37 градуста ғана өмір сүре алады. Сондықтан ұзақ уақыт суық жолда келетін тауарларда вирус болмайды дейді. Әйтсе де, өзіңіздің қауіпсіздігіңіз үшін оларды жақсылап тазалап, пісіріп жеуге кеңес береді.

Жандарбек Бекшин, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары: «Тамақтанғанда жақсылап қуырылған, пісірілген тағамдарды жеу керек. Ал жемістерді жақсылап жуған жөн. Біз осындай кеңестер береміз».

Осы сәтте аспан есті елінде коронавирус індеті жайылып барады. Қазіргі ресми мәліметтерге сәйкес, Қытайда 106 адам аталған вирустан көз жұмған. Ел вирус жұқтырып аламыз деп алдағы уақытта үйлерінен шықпауға бекінген. Азық-түлік дүкендеріндегі сөрелердің көбі бос. Көшеде тек бетперде алу үшін кезекке тұрған адамды көре аласыз. Ал ауруханаларда ұзын-сонар кезек.

Елімізде әзірге коронавирус ресми түрде тіркелген жоқ. Денсаулық сақтау мамандары жақын арада Қытайда болып келген болсаңыз, тез арада тексеруден өтуге шақырады. Сондай-ақ, аспан асты еліне жақын арада бармауға кеңес береді. Вирустың шығу ошағы жылан мен жарқанат деп анықталып отыр. Сондықтан, аталған бауырмен жорғалаушы мен қолқанатты шаққан, не үйіңізге кіріп кеткен жағдайда бірден мамандарды шақырғаныңыз жөн.

Меруерт Ахан