Сауда орнынан 10 сатушының алтын бұйымдарын көз алдында жымқырып кеткен күдікті ұсталды

158

Түркістандық полицейлері сауда орнынан 10 сатушының алтын бұйымдарын көз алдында жымқырып кеткен күдікті әйелді «ізін суытпай» ұстады

Түркістан ҚПБ-на орталық базарда алтын сатумен айналысатын бірнеше жеке кәсіпкер әйелдер арызданады. Олардың айтуынша алтын сатып алуға келген белгісіз әйел өзінің арам ойын іске асырып әрқайсысынан қолына ілінген алтындарын жымқырып кеткен. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 1,5 миллион теңгені құрады.

Аталған жайт СДТТБТ-не енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді. Қалалық полиция басқармасына аталмыш хабарлама келіп түсісімен, полицейлер шұғыл әрекет етіп, оқиға орнына жетті. Куәгерлерден сұрастырып, жақын аймақтарды аралап шықты, бейнебақылау камераларын мұқият тексерді.

Қылмыскерді ұстау мақсатында қажетті барлық іс-шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде тәртіп сақшылары 1 сағат ішінде күдіктіні базардан ұстады.

Тергеу барысында күдіктінің Алматы облысының тұрғыны екені және ол Түркістанға ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру ойын жүзеге асыру мақсатында келгені анықталды. Содан орталық базардың алтын сататын орнынан сатушыларды сөзге айналдырып, білдіртпей алтындарды қалтасына салып алғаны белгілі болды. Өз кінәсін толық мойындады. Күдіктіден айғақты зат ретінде 10 жәбірленушінің алтын бұйымдары табылып, тәркіленіп алынды. Күдікті әйелдің бас шарасы «қолхатта». Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өз кезегінде жеке кәсіпкерлер тез арада күдіктіні құрықтап, жоғалған алтындарын тауып берген тәртіп сақшыларына алғыстарын білдірді. Жұмыстарына сәттілік тіледі.

 

 

QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі