Әлемдік нарықта алтын бағасы соңғы екі айдағы ең төменгі деңгейге дейін құлдырады. Чикаго тауар биржасында маусым айындағы алтын фьючерстері 2,31 пайызға арзандап, бір унциясы шамамен 4400 долларды құрап отыр. Сарапшылар мұны АҚШ пен Иран арасындағы ықтимал бейбіт келісімге қатысты оң күтулермен байланыстырады. Соның әсерінен инвесторлардың қорғаныс активі саналатын алтынға деген қызығушылығы бәсеңдеген.
Соңғы айларда рекордтық көрсеткіштерді жаңартып, сенімді қорғаныс құралы ретінде бағаланған алтынның құны төмендей бастады. Бағалы металл соңғы рет наурыз айының соңында 4400 доллардан төмен деңгейде саудаланған еді. Геосаяси ахуалдың тұрақталуына қатысты үміт пен келіссөздер жөніндегі жаңалықтар алтынға деген сұранысты әлсіретіп, оның нарықтағы бағасын құбылмалы етуде.
ЖАНЫБЕК АЙҒАЗИН, AERC БАС ДИРЕКТОРЫ: «Алтын дәстүрлі түрде қорғаныс активі ретінде қарастырылып келді. Бірақ қазір бұл түсінік өзгеріп жатыр. Қазіргі жағдайда нақты қай активтің қорғаныс құралы екенін анықтау қиын. Тіпті резервтік валюта саналатын доллардың өзі құнсызданып жатыр. Мұнай бағасы да төмендеуде. Бейбіт келіссөздер өтеді деген хабарлардың аясында алтын да қорғаныс активі ретінде арзандап жатыр».
Мамандардың айтуынша, алтын бағасы өткен жылы айтарлықтай қымбаттады. Сондықтан қазіргі төмендеу нарықтағы табиғи түзету кезеңінің көрінісі саналады. Яғни, бұрын шектен тыс қымбаттаған активтің бағасы қайта теңгеріліп жатыр. Сарапшылар бұл үрдіс Қазақстан экономикасына елеулі әсер етпейтінін айтады.
АРМАН БАЙҒАНОВ, R-FINANCE ҚАРЖЫ КЕҢЕСШІСІ: «Біздің алтын-валюта резервтеріміздің шамамен жартысы алтыннан тұрады. Сондықтан жалпы алғанда, біз әлі де ұтыстамыз. Өткен жылы алтынның бағасы өсті. Оның үстіне Ұлттық банк пен алтын-валюта резервтері қысқа мерзімді, жарты жылдық ауытқуларға емес, бірнеше жылдық перспективаға бағдарланады».
Алтын бағасының төмендеуі аясында америкалық валюта нығайып келеді. Бүгін Қазақстан қор биржасындағы сауда қорытындысы бойынша доллар бағамы 485 теңге 50 тиын деңгейінде қалыптасты. Соңғы екі тәулікте АҚШ валютасы шамамен сегіз теңгеге қымбаттап, оған деген сұраныстың артқанын аңғартты.
Нұргүл Жолымбетова






