Түркістан облысы полицейлері туыстарының атынан заңсыз несие алған алаяқ қызды ұстады

160

Ордабасы АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Арызданушы әйелдің айтуынша, белгісіз біреу алаяқтық жолмен білдіртпей, оның атынан бірнеше рет несие рәсімдеген көрінеді. Және бұл несиелерді еліміздегі түрлі шағын несие ұйымдарынан, нақтырақ айтсақ, 4 бірдей ЖШС-нен алып, төлемей жәбірленушіге 500 000 теңгеге жуық шығын келтірген.

Аталған жайт Ордабасы АПБ-не ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеліп, қылмыстық іс қозғалған. Келіп түскен ақпарат бойынша полицейлер шұғыл әрекетке кіріседі. Жәбірленушінің жауабына сәйкес, оның банкоматын, нөмірін сұраған таныстары тексеріліп, күдіктіні анықтау мақсатында қажетті шаралар жүргізілді. Нәтижесінде алаяқтық жасаған күдіктінің жеке-басы анықталды.

Ол, жергілікті тұрғын болып шықты, алайда жұмыс бабымен Алматы қаласында жүргендігі анықталды. Алаяқтық жолмен жеңіл олжаға кенелгісі келген күдіктіні ұстау мақсатында аудандық полицейлер Алматы қаласына жол тартты.Тәртіп сақшылары қолда бар ақпарат көздерімен қызды Алматы қаласында тұратын жалдамалы пәтерінен ұстады.

Тергеу барысында күдіктінің жәбірленушінің туысы екендігі анықталды. Туысына сенген жәбірленуші әйел оған өзінің құпия сандарын, банкомат, жеке куәлік нөмірлерін қолдануға рұқсатын берген көрінеді. Осы істі тергеу аясында күдіктінің тағы бір алыс туысының атынан 50 000 теңге несие алып, төлемеуіне байланысты 300 000 теңгеге өсіп кеткені айқындалды. Оған қоса, алаяқтық жасаған жас қыздың бұған дейін де алаяқтық және ұрлық қылмыстарымен шартты түрде сотты болғаны белгілі болды. Қазіргі таңда күдікті өз кінәсін толық мойындады. Бас шарасы «қолхатта».

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға интернет-алаяқтарға алданып қалмаңыздар деп ескертеді. Әсіресе тек өзіңізге қатысты құпия нөмірлерді ешкімге бермеңіздер деп кеңес береді.