ТАМСАНДЫРҒАН ТАНАКӨЗ

204

Кез келгеннің қолы жетпес,

Кез келгеннің жолы жетпес,

Айналайын ұлы достық, айналайын атыңнан,

Құлатпашы бізді  мәңгі осы биік сатыңнан!

«Сахна» атты сиқыры баураған әлемде болғанның сезімі бөлек. Пайымы да бөлек. Әсіресе, оқыған, жаттап өскен туындың сахна төрінде құлпырғанда еріксіз елігесің. Тіршілік теперішімен арпалысқан жан-дүниеңді сұлулықтың жетегінде ілестіріп, актерлер ойынынан ескен буырқанған сезімге елітесің. Театр – болмысты төңкеріп тастайтын қуатқа ие күш. Театр – парасат пен сезімге кенересі кенелген іңкірлік айдыны.

Тышқан жылын «Махаббат ғадауатымен» бастаған Шанин театры, сезімі асау Поэззия әлемін тағы бір бағындырды. Көрерменін тәтті мұңмен тамсандырды. «Тағы бір» деуімнің себебі, өткен жылы Шекспирдің ақ өлеңмен жазған «Гамлет» трагедиясының шері мен қасыретін сахнадан сөйлеткен болатын. Енді міне…

Ұлт айдыны Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасынның инсценировкасын жасаған һәм қоюшы режиссері – Қырғызстанның Халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлықтың, Қазақстан Республикалық «Еңлікгүл» Театр фестивалінің жүлдегері Қуандық Қасымовтың жаңаша форматтағы қойылымы көрерменіге тосын сый ұсынды. Сахналық шешімін жасаған сценограф, ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұлов.

Әдетте, көрермен «сахна» деген көрерменге төрден қарайтын бөлек айдыннан қойылымды тамашалайтын. Бұл әннің – басқа әннен өзгешелігі сол, сахнада көрермен мен актер қоян-қолтық біте қайнасты. Айырықша әсер берген көрініс – махаббаттың саф тазалығы мен мөлдірін паш еткендей сахна ортасында сылдырай аққан бұлақ суы болды. Бұлақ бойында алаулаған үш жүректің арпалысы басталады. Су шашысып ойнаған жастарды көргенде, бұрын-соңды болмаған жаңа шешімге көрермен тәнті болып, оқиға желісіне ынтыға түсті. Қоюшы-суретшінің бұндай шешімі – әр сөзін, әр қимылын қалт жібермей қадағалап отырған көрерменнің таразысына түсетін Актерге сын.

Махаббат. Достық. Адалдық. Сыйластық. Махаббат ұғымын құзға құлатпай, биікке самғатып тұрған құдыретті күш екенін паш ететін поэтикалық драма кейіпкерлері арасындағы шынайы достық, пәк сезім, адалдыққа беріктік –бүгінгі қоғам шөліркеп тұрған рухани қажеттілікке «Дос» ұғымы арқылы жауап береді. Дос… Бүгінгі көрерменнің достық жайлы пікірі қандай деңгейде? Осы біздер «Достық» әлемін естен шығарып жіберген жоқпыз ба?

Ақын:             Өтті солай тұңғыш рет тынышымды бұзған күн,

Тұңғыш рет сенен,досым,Танакөзді қызғандым.

Мұрат:            Сол күнгі ойлар кеудемізді нәзік мұңға толтырды,

Үшеуміздің алдымызда екі тарау жол тұрды.

Осылайша Ақын /акт.Б.Сегізбаев/ пен Мұраттың /акт.Н.Орынбек/  арасында «достық көпірі» сынға түскен терең бір махаббат үшбұрышы басталады. Екі жүрек – жас ару Танакөзге ғашық. Танакөз /акт.А.Тәттіқұлова, М.Зияева/ таңдауы кімге түспек?.. Көрермен, махаббат сазымен тербетілген үшеуімен бірге қуанды, уайым кешті. Қойылым көріп отырғанын ұмытып, бейне бір махаббат әлемінде жүргендей актерлемрен бірге сезім қанатында қалықтады. Сезім мен Қызғаныш – жас арудың бұрымындай жарыса өрілетін, алысқа – ұзатпайтын, жақыннан – жолатпайтын жойқын күш. Сезімін ауыздықтай алмаған Ақынның жаңсақ қаракетін Мұрат көріп қойған кезде, айнала отырған көрермен: «Тіршілік» таразысы қиянатқа ауып кетуінен аман сақтап тұрған бақыт пен адалдық тасы қай жаққа ауады екен деп уайым кешті. Қас пен көздің арасында Мұрат Зергүлге үйленгенде, ақ-қараны айырмаған қаракетіне көрермен қосыла күрсінді. Шешім Танакөзге тірелгенде, ару қыздың:

Шулы өзеннің табынында жатса да,

Тастар ылғи тас күйінде қалады.

Мақсатына жәуміт қайғы батса да,

Нағыз достар дос күйінде қалады. – деп Ақынның сезімінен бас тартқан сәтінде, көрермен қай жаққы болысуын білмей дал болды. Ақын – өз махаббаты үшін күресті. Танакөз – өз махаббатына беріктігін дәлелдеді.

Қойылымда отырғанын ұмытып, актерлермен бірге махаббат үшбұрышына күйінумен, сүйінумен отырған көрермен, қойылым аяқталғанда балшырынның дәмі таңдайына енді татып келе жатқанда үзіп алғандай әсерде қалды. Театрға керегі де осы сәт!..

Шанин театрының қоржынына қосылған М.Шахановтың «Танакөзі», алдағы уақытта өз көрерменімен сырласуын жалғастыратын болады.

Сая Қасымбек,

театрдың әдебиет бөлім меңгерушісі