Шымкентте халыққа қызмет көрсетуде мемлекеттік қызметкерлердің дөрекілігі тыйылмай тұр. Республика тұрғындары арасында жүргізілген арнайы мониторинг қорытындысы бойынша, халыққа қызмет көрсету сапасы жағынан Шымкент 17 аймақтың ішінде 16-шы орында.

Бүгінгі жөні бөлек жиында шенеуніктер әдеттегідей емен-жарқын хал сұрасқан жоқ. Жұмыстағы кем-кетіктер мен міндетіне алған мәселе майшаммен қаралатынын сезсе керек. Шақырылған бірқатар басқарма басшылары тіпті төбе көрсетпеді. Сонымен, мемлекеттік қызмет сапасы жағынан Шымкент елдегі 17 аумақтың ішінде 16-шы, соңғы жағынан екінші орында.

Айбек Шілманов

Айбек Шілманов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары:»Республика бойынша 14 500 респондент қатысыпты, оның ішінде жасырын сатып алушы, зерттеулер, терең сұхбаттар болған, яғни бұл жүйе барынша зерттелген. Осы рейтинг бойынша қарап отырсақ, біздің Шымкент қаласы өте төмен деңгейде болып тұр. Бұл нені көрсетеді? Яғни, біздің қызмет көрсету саласында кемшіліктер орын алып тұр деген сөз».

Көрсеткіштің күрт төмендеп кетуінің себебі мен салдары да зерттелген. Дерек пен дәйектер тізбектелді. Сөздің алды Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкерлеріне арналды.Дулат Есіркеп, ҚР Мемлекеттік қызмет Агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы: «Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен көрсетілген қызметтерінде орын алған кемшіліктер бойынша  респонденттерден мынадай жағымсыз пікірлер алынған: ХҚКО және орталық қызметкерлері қызмет алушыларға қызмет көрсету тәртібі туралы ақпараттарды толық ұсынбауы; Қызмет алушыларға қызмет алу барысында дөрекілік танытып, баяу қызмет көрсетуі; Артық құжаттарды талап ету фактілері. Бір жалғыз жағдай атап өтілді: «Иə халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкері қызмет процесін жеделдету үшін 50 мың теңге пара талап етілді, бірақ мен бемедім», делінген».

Басқарма басшысы бұл олқылықтарды жою бойынша тиісті жобалар қолға алынып жатқанын айтып ақталғаннан басқа шарасы болмады. Дәл осы жиналыстан соң, тұрғындардың талап-тілегі ескеріле басталатынын білдірді.Мемлекеттік қызмет көрсетуде медицина мамандарының жұмысы да жергілікті жұрттың көңілінен шықпаған. Емдеу мекемелері, ауруханалар, ондағы адам тәнінің ғана емес, жанының да инженерлері онсыз да жаны ауырып тұрған науқасқа қатты сөйлеп, көңіліне тиетіні айтылды. Ал басқарма басшысы Асхан Байдувалиев мұны сала қызметкерлерінің қалыпты мінезі дейді.

Миллионды қаланың тынысы мен тынышын бақылаушы полиция департаменті де «сыбағадан» құр қалған жоқ. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында отыратын көші-қон полициясының қызметкерлері ерекше аталды.

Дулат Есіркеп, ҚР Мемлекеттік қызмет Агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы:»Жауапты емес, құзыретті емес, көмектеспеді, кешкі сағат 17-00-ден кейін қызметкерлер жұмыс орнында болмайды», -дейді жергілікті жұрт».

Ал полиция департаменті өкілінің өз қызметкерлерін қорғап айтқан сөзі бәрінен озды.

«Кешкі сағат 17-00-ден кейін офицерлердің халықты қабылдайтын терезелерді жауып,  жұмыстан кету себептері бар. Олар ҚР Ішкі істер Министрлігі бекіткен талапқа сай, спортпен шұғылдануға кетеді», — дейді Шымкент қалалық ПД ресми өкілі.

Бұл жұмыс кестесінің халыққа тиімсіз екенін және «сылтаудың» ақылға қонбайтынын айтқан ҚР Мемлекеттік қызмет Агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасы Айбек Шілманов тез арада түйінді мәселені тарқатуды тапсырды. Тіпті тиісті мекемелерге хат жолданса да, халыққа уақтылы қызмет көрсетілуі қажеттігін құнттады. Сонымен, осы және өзге өрескел олқылықтарды тізбектеп шыққан мемлекеттік қызметтер көрсету мәлелелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы бұл кемшіліктер жойылмаса, тиісті шара көрілетінін басқарма басшыларына шегелеп айтты. Мәселе бұл жолы майшаммен қаралса, қоғамдық кеңесте микроскоппен зерттелмек.

Мөлдір Бекеева