Жүрек қатайса, махаббатты қызғаныш басады

646

Газетіміздің №6 санындағы (05.02.2020ж) «Тағдыр» айдарында «Күйеуім қателігімді әрдайым бетіме басады» тақырыбымен хикая жарияладық. Сол хикаяда студент кезінде өзі жақсы көрген, өзін жақсы көрген бір жігітпен жүріп, кейін айырылысып кеткен соң, басқа бір жігітке тұрмысқа шыққан әйел талайы тағдырын баяндап берді. Әйелдің айтуынша, мұндағы мәселе күйеуінің әуел баста «ештеңеге қарамаймын, өткеніңе мән бермеймін» деп үйленіп, кейін бетіне басып, ұрып-соғады екен. Міне, содан бері отбасынан маза кеткен. Үш қыз туыпты. Күйеуі сонда да тиісуін қоймайды. «Қайтсем болады» деп басы қатып, «Психолог бұрышы» айдары арқылы психолог кеңесін алғысы келіпті. Оның тағдырына қатысты психолог кеңесінің тұрақты психологы, «REFRAME» Тұлғалық дамыту орталығының маманы Қаракөз Қадырбекқызы Момбаевадан сұрадық. Маман жауап берді. Қаз-қалпында жариялап отырмыз.

Отбасылық бақытты өмірге, махаббатқа ұмтылмайтын адам жоқ. Әр адам бақытты болғысы келеді, сүйгісі келеді және сүйікті болғысы келеді. Сүйікті болу, бұл өмірде өзінің керек екенін сезінуді білдіреді. Шынайы махаббат қарым-қатынасты жақсартып, адам өмірін ұзартады. Махаббат жанға шуақ түсіріп, шипа береді. Бұл қажеттіліктің түп тамыры адам жанының өте тереңіндегі махаббаттан, қуаныш іздейтін жүректен табылады. Жүрек қалауы адам эмоциясынан да терең. Жүрек қалауы орындалса адам қуанады, ал орындалмаса мұң мен ренішке бөленеді.
Жүрегіміз махаббатқа толы болса, онда өміріміз мәнді болады.
Жүректе махаббат болмаса, онда адамның дегбірі қашып, толқиды, ашу-ыза қысып мінез де өзгереді.
«… сен болсаң болғаны, мен сенің қыз немесе қыз емес екеніңе қарамаймын, бұл маған қызық емес» деп өлердегі сөзін айтқан күйеудің сөзден тайқуының … Үш перзенттің әкесі, балаларының мінезі өзгергеніне ата-анасының да таң қалуының» себебі осында, яғни оның жүрегінде махаббатқа деген орын қалмаған, жүрек қатайған.
Махаббаттың орнына қызғаныш орналасқан. Қызғану адамның ойлау қабілетіне нұқсан келтіріп күйзеліске ұшыратады. Күйзелістің соңы мазасыздану мен стресске әкеледі. Стресстен құтылу үшін ағза ішімдікке тәуелді болады. Ішімдікке құмарланған еркектің әйеліне қол көтеруіне таң қалмауға болады. Еркектің жан-дүниесі әйелге қарағанда нәзіктеу келеді. «Әйелдің қырық жаны бар» деп бекерге айтылмаған, әйелдер тағдыр қиыншылықтарына төзеді, ал еркектерде ондай қасиеттер аз кездеседі.
Отбасын құрудың ең алғашқы қадамы адал ақ некеден басталады.
Хат иесінің университет белсендісі, өнерпаз, білімді, көзі ашық (түрлі сайыстардың жеңімпазы) бола тұра, жігітінің бойынан жағымсыз қасиеттерін көре тұра, жеңілтек жасап пәктігінен айырылуын – бақытын, болашағын өз қолымен балталады деп түсінемін. Оның өмірге жеңіл қарап, махаббат қызығына елітіп, мастанып ертеңгі күнінің қандай болатынына ой жүгіртпегені әрине қынжылтады. Бар мейірім-шапағатын төккен ата-әже алдындағы парызын қалай ұмытуға болады?! Әкесінің кім екенін білмей өскені, мұндай қателіктен алшақ жүруге үйретпегені ме?! Тіпті анасының тағдырын қайталағанына не дерсің?!
Еркек себеп болмаса, бекерден бекерге қызғанбайды. Еркектің қызғануына әйелдердің өздері жол береді. Еркек адам «мың жерден сүйдім» дегенмен, әйелінің пәк болуын қалайтыны сөзсіз. Сондықтан жалған иллюзияға берілудің қажеті шамалы.
Бақытқа да, бақытсыздыққа да адам өз аяғымен барады. Отбасылық психолог ретінде, өмірде жетістікке жету үшін – бұрын жасамаған «іспен» айналысу керек деген ұсыныс айтар едім. Отбасы ұйытқысы үшін алдымен алғашқы қадамды Сіз жасаңыз.
Өткен іске өкінбей, осы қателіктерден қорытынды шығара алған да өте үлкен іс. Әйел бақыты, «бай да», «байлық та» емес, «балада» деп те айтқым келеді (ер азаматтар естімесе болар еді…).
Егер өміріңізді өзгертіп, балаларыңыздың бақытын көргіңіз келсе, уақытты өткізбей, қалаған өміріңізді өз қолыңызбен жасаңыз. Ажырасу туралы тіптен ойламаңыз. Өсіп келе жатқан балаларыңыздың басына орны толмас ауыртпалықтар түсіресіз. Олар терең психологиялық күйзелісті бастарынан өткеріп, сана-сезімдеріне өткір жарықшақ түсіреді. Сонымен қатар, отбасында күнделікті болатын ұрыс-керіс олардың психикасына да теріс әсер етеді. Олардың не кінәсі бар?
Әйелдің әрқашан да бір саты төмен тұруы керек екенін де ұмытпаған жөн. Еркек күшті, бірақ күштілердің өзі де мейірімге мұқтаж екенін естен шығармай, көңілді кезде бірге қуанып, уайымын бөлісіңіз, көңілін аулап, қолдау көрсетіңіз. Әйел тарапынан жылы қабақ пен махаббат ләззатына бөленген еркектің әрқашанда өмірге деген құлшынысы арта түседі. Бәрі өз қолыңызда.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №8, 19 ақпан 2020 ж