Жасыл акция: Қарабастауда 500 дана көшет отырғызылды

143

Шымкент мұнай зауыты бүгін Қарабастау ауылында 500 көшет отырғызды.

Кәсіпорын басшылығы «акция бір реттік емес, тұрақты түрде өтіп тұрады, мыңнан астам түп ағаш күзде отырғызылады» дейді. Бұл жаңғыртудан өткен зауыттың жұмысымен танысқан ауыл азаматтарының өтініші бойынша жүзеге асқан бастама.

Қарабастау ауылының тұрғын Олжабай Сүйірқұлов мұнай өңдеу зауытының қызметкерлеріне риза. Олардың көмегімен туған ауылында 500 түп ағаш отырғызылып жатыр. Көшетті кәсіпорын басшылығы алдын ала сатып алған. Ақсақал бұл бастаманы бүкіл Шымкент қаласының тұрғындары қолдайды деген сенімде

Белсенділердің арасында еңбекті қорғау, қауіпсіздік және экология департаментінің мамандары да бар. Жас көшеттер жерсініп, болашақта жайқалып өсуіне олар да өз үлесін қосып жүр. Жасыл желек ауыл тұрғындарына самалды сая сыйлап қана қоймай, қоршаған ортаға да оң әсерін тигізеді дейді.

Нұрлан Досымбеков, «ПетроКазахстанОйлПродактс» ЖШС-і еңбекті қорғау, қауіпсіздік және экология департаментінің директоры: «Әкімшілік бізге жер телімін бөлді. Біз бұл жолы 500 түп көшет отырғыздық. Келісім бойынша жергілікті билік олардың күтімін өз мойнына алады».

«Қаланы жасыл желекке  айналдырамыз» атты акциясы  алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Шынар Оразова