Қорғаныс бекетіндегілерге ыстық тамақ таратылды

214

«Әлем жұртшылығын алаңдатқан қауіпті індетке бір-бірімізді қолдау арқылы ғана төтеп бере аламыз». «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері осылай дейді.

Иісі мұсылман үшін қасиетті ай — Оразаның қарсаңында қайырымдылық жасаған ұйымдастырушылар қорғаныс бекеттеріндегі тәртіп сақшылары мен сарбаздарға ыстық тамақ таратты.

«Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері түскі астың қамына кіріскен. Блок посттарда тұрған тәртіп сақшылары мен әскерилерге ас-су әзірлеп жатыр.

Тәртіп сақшылары халық арасында қатерлі дерт дендеп кетпеуі үшін 8 сағат бойы тізеден тік тұрады. Қауіпті аумақта қызмет атқаратын полицейлер мен әскерилерге қолдау білдірген корпорация мамандары оларға түскі үзіліс таяған сәтте ыстық тамақ жеткізіп берді. Осынау қиын кезеңде қамқорлық сезінген құзырлылар дән риза.

«Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері бүгін 300 қызметкердің түскі асын қамтамасыз етті. Мекеме қызметкерлері қайырымдылық іс шарасын айлардың қайырлысы Рамазан айының қарсаңында қолға алып отыр.

Ұйымдастырушылар әлем елдерін есеңгіреткен бұл індетті осылайша бір-бірімізді демеу арқылы ғана жеңіп шығамыз дейді.

Диана Мирсиева, «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз хатшысы: «Олар қауіпті аумақта тұрып жұмыс істейді, көмек көрсетуіміз керек. Осындайда бір-бірімізді қолдауымыз қажет. Корпорация ұжымы карантин аумағындағы халықты да назардан тыс қалдырмақ емес. Белсенділер ертең қауіпті аумақтағы тұрғындарға азық-түлік таратады».

Мақпал Рысбаева