Демалыс орындарына блок-бекеттер қойылды

187

Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданындағы демалыс орындарына блок-бекеттер қойылып, 2500-ге тарта көлік кері қайтарылды.

Ауданда табиғаты әсем демалыс орындары көп. Алайда қазіргі таңда елімізде карантин енгізілгендіктен адамдар тобының шоғырлануына жол жоқ. Бұл блок-бекеттер санитарлық нормалардың бұзылуына жол бермеу үшін демалыс орнына келушілерді қайтарып, карантин талаптарын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында қойылған.

Блок-бекеттердегі қызметкерлер барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нақтырақ айтсақ, демалуға келуші азаматтардың көбісі Шымкент қаласының тұрғындары екендігі анықталды.

Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған 17 демалыс орындарына іс-құжаттар жинақталып, шара көру үшін тиісті органға тапсырылды. Сондай-ақ, су жағалауында шомылып жүрген, қауіпсіздік шараларын сақтамаған 37 азамат айыппұлға тартылды.

Айта кетейік, осыдан бірер күн бұрын Біркөлік ауылына кіреберіс жердегі блок-бекетте полицейлер «Тойота» маркалы автокөлікті тоқтатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Алайда көлік ішіндегі екі жас жігіт тәртіп сақшыларын тыңдағысы, бағынғысы келмей, полиция қызметкерлерін жұрттың көзінше балағаттап, қарсылық көрсеткен. Аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 378-бабымен «Билік өкілін қорлау» қылмыстық іс қозғалды.

Мақпал Рысбаева