42 500 теңгені қалай алуға болады?

1388

Шымкенттіктер 42 500 теңгенің жәрдемақысына өтініштер бере бастады. Кешеден бері жергілікті халықтан 2 мыңнан аса өтінім түскен. Алайда, көптеген тұрғындардың арыз үлгілерін дұрыс толтыра алмауынан төлемдер өз деңгейінде жүргізілмей отыр.

Бүгін салаға жауаптылар жеңілдетілген арыз беру үлгісін таныстырды. Бұл тұрғындар банкке дербес шоттарын ашуға келген. Төтенше жағдайға байланысты жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін жәрдемақыны алудың жолы оңтайландырылып отыр.

Қиын-қыстау кезеңдегі мемлекеттік қолдауға енді өзін-өзі жұмыспен қамтыған, ресми тіркелмеген азаматтар да ие бола алады. Бұл санатқа жатқызылған азаматтар онлайн түрде өтініш береді. Ол үшін алдымен ЭЦҚ арқылы немесе көрсетілген нөмірге СМС хабарлама жіберу арқылы бір реттік парольмен электронды үкімет порталында тіркелу керек.

Оң жақ бұрышта аты-жөніңіз шығады, соған басып, «Электронды өтініштер» сервисін таңдау керек. «Мемлекеттік қызметтің атауы» деген бағаннан «Төтенше жағдай кезеңінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына әлеуметтік төлем тағайындау» қатарын таңдайсыз. Өз облысыңызды немесе республикалық маңыздағы қаланы таңдау қажет.

«Алушы» деген жолға өз қалаңыз бойынша «Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын» көрсету, «Мазмұны» деген жерге «Төтенше жағдай кезеңінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына әлеуметтік төлем тағайындау» деп көрсету керек.

Бұдан соң аты-жөніңізді, мекен-жайыңыз, ЖСН, телефон нөмірі және екінші деңгейлі банктегі есепшот нөмірін көрсетіп, еркін формада өтініш толтырасыз. Өтініште қай жерде, қандай жұмыс істегеніңізді, қай уақыттан бастап табыстан айырылғаныңызды көрсетсеңіз жеткілікті. Бір ғана талап — ресми тіркелмей жұмыс істеген азаматтар соңғы 11 айда ең кемінде БІР РЕТ БІРЫҢҒАЙ ЖИЫНТЫҚ ТӨЛЕМ төлеген болуы шарт.

Егер бұған дейін бірыңғай жиынтық төлем жасамаған болсаңыз енді төлеу арқылы да жәрдемақыға қол жеткізуге болады. Бұл төлемді кез — келген екінші деңгейлі банктің мобильді қосымшасы арқылы төлеуге болады. Мұндай мүмкіндігі жоқ азаматтар қарапайым ұялы телефон арқылы да бірыңғай жиынтық төлем төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін 5505 қысқа нөміріне латын графикасындағы бас әріптермен «GOROD ESP + ЖСН нөмір» (ауылда тұрсаңыз «SELO ESP + ЖСН НӨМІРІ») деген хабарлама жібересіз. СМС хабарлама жіберу үшін ұялы телефон нөміріңіздің теңгерімінде жеткілікті қаражат болуы тиіс.

Макпал Рысбаева