Шымкентте балабақшаның төлемақысы қымбаттады

1051

Қала әкімінің қаулысымен төлемақы осы жылдың қаңтар айынан бастап өскен. Қалалық білім бөлімінің берген мәліметі бойынша, балабақшалардағы төлемдердің сомасы жас ерекшеліктеріне қарай көтерілген. Төлемақының өсуіне кәсіпкерлердің уәжі себеп болған. Былтыр бір балаға 8370 теңгеден төленген.

Бала біздің болашағымыз, олардың денсаулығы дұрыс қалыптасуы үшін оның пайдаланатын ас мәзірінде ағзасына қажетті дәрумендер толық болуы шарт. Бұл №63 Айсұлу бөбекжай балабақшасының ұстанған ережесі. Мұнда бүлдіршіндерді бір жастан қабылдайтын арнайы топ бар. Сол себепті балабақша ұжымы күнделікті ас мәзірін қатаң бақылауда ұстайды екен. Айтуларынша, жеміс- жидек міндетті түрде болуы керек. Әр баланың жас ерекшелігіне байланысты берілетін тағамның да мөлшері әр түрлі болады екен.

Балабақша мамандары «Бүгінгі біздің ас мәзірімізде жарма сорпасы мен ет қосылған картоп ботқасы бар, одан кейін шырын және нан беріледі. Міндетті түрде жеміс қосамыз. Әрине бағаның өскені тағам көлеміне әсер етпейді, бірақ сапасы жақсарары сөзсіз. Қалай болғанда да біз сапалы тамақ беруге міндеттіміз», – дейді.

Бүгінгі таңда үш жасқа дейінгі балалар үшін бір күндік төлем ақы 463 теңге 75 тиын болды. Яғни, 105 теңгеге өсті. Ал 3 жастан 7 жасқа дейінгі балдырғандардың бір күндік төлемақысы 398 теңге болып келсе, енді оған 129 теңге қосылды. Нәтижесінде отыз күн толық бақшаға барған 3 жасқа дейінгі баланың төлемақысы – 9 мың 171 теңгеге өсті. Ал одан жоғары жастағы балғындар үшін 11 мың теңге болды.

«Төлемақы өсіп, балалардың тамағы құнарланса, құптарлық дүние», – дейді ата-аналар. Айтуларынша, ас мәзіріне оң өзгеріс енгізілсе, қалтаға ауыртпалық салмайды. Еске салайық, кез-келген азамат баласының күнделікті тұтынатын тамағын тексеруге құқылы.

Бағам өзгерісін түсіндіріп, баспасөз мәслихатын өткізген қалалық білім бөлімінің басшылары бұйрық барлық тиісті органдардың мақылдауынан кейін берілгенін айтады. Сондай-ақ, соңғы үш жылда балабақша бағасы көтерілмегенін алға тартты. Түсінгеніміз, бала тамақтан тарықпауы керек. Айтпақшы, бұл өсім алдыңғы қатарлы қалалардан әлдеқайда төмен. Астанада бақшаға төлейтін ақы 16 мың 800 теңге болса, Алматыда 15 мың 500 теңге екен.

Нұрлан Күдерұлы