ЖҰМЫССЫЗДАРҒА ТӨЛЕМ

314

«Қысқартуға іліктім». «Жұмыстан шығарып жіберді». «Өз еркіммен жұмыстан шығып кеттім». Осылай жұмыс іздеп жүргендерді жиі кездестіресіз. Бірі басшылықпен сыйыспағанын, екіншілері жалақыға көңілдері толмағанын айтады. Тағы бірінің басқалай уәждері бар. Десе де сұраныстағы білікті маман болмасаңыз. қазір жақсы жұмыс табу оңай емес. Сондықтан да жұмыссыз қалғандардың басым көпшілігі екі қолға бір күрек таппай сандалып жүреді. Алайда олар өздеріне мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау көрсетілетінін білмейді.

АУДАРЫМДАР БОЛУ КЕРЕК!

Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Гүлвира Даужанованың айтуынша,
– заңды түрде келісімшарт негізінде жұмыс істеген;
– зейнетақы қорының және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып табылатын;
– әлеуметтік аударымдары жүргізілген аазаматтар жұмысынан айырылған жағдайда мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауға ие бола алады.

Бірақ ол үшін жұмыстан шығып қалған азамат не азаматша, жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретiнде тiркелу керек. Тек сонда ғана ол «Міндетті әлеуметтік сақтандыру» туралы ҚР 2003 жылғы 25 сәуірдегі № 405 – ІІ Заңына сәйкес, әлеуметтік төлемге қол жеткізеді. Аталмыш төлем жұмыссыз ретiнде тiркеуге өтiнiш жасаған күннен бастап тағайындалады.

ТӨЛЕМНІҢ МӨЛШЕРІ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?

Әрине, бұл сауалдың кез келген жанды алаңдататыны сөзсіз. Тұрақты түрде жалақы алып келген жанның айлықтан қол үзуі қиын, бүгінгі заманда. Сондықтан да, уақытша болса да, екі қолға бір күрек табылғанша мемлекет тарапынан қолдау көргенге не жетсін. Дейтұрғанмен, сол қаржылай қолдаудың мөлшері мен берілетін мерзімі шектеулі екенін ұмытпаған жөн.
– Жұмысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлемнің мөлшерi – табыстың орташа айлық мөлшерi мен еңбек өтілінің коэффициенттерiне көбейту арқылы айқындалса, оның ұзақтығы орташа айлық табысқа және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты төленеді, – дейді Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Гүлвира Даужанова.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жұмысынан айырылған адам үшін 36 айдан бастап және одан да көп айларға әлеуметтік аударымдар жүргізілген болса – алты айға дейін әлеуметтік төлем алуға құқы бар.
Сондай-ақ, маман орташа айлық мөлшерін есептеуде соңғы күнтізбелік жиырма төрт ай ішінде жүргізілген әлеуметтік аударымдарға (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) мән берілетінін, оның мөлшері жиырма төртке бөлу арқылы есептелетін тілге тиек етті.

ӨЗІН ӨЗІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫҒАНДАР ҮШІН

Айтпақшы, Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің ерікті қатысушылары, яғни өзі үшін әлеуметтік аударымдар жүргізген азаматтар да жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемге қол жеткізе алады.
Олар үшін:
– 6 айдан – 12 айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген болса – бір айға;
– 12 айдан – 24 айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда – екі айға;
– 24 айдан – 36 айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда – үш айға;
– 36 айдан бастап және одан көп айларға әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда – төрт айға дейін әлеуметтік төлем ала алады.

Ескеретін тағы бір жәйт, жұмыссыз азаматты не азаматша халықты жұмыспен қамту орталығының жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде:
– әлеуметтік жұмыс орындарына,
– қоғамдық жұмыстарға;
– кәсіптік оқытуға жіберген жағдайда жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер тоқтатылмайды.
Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер – халықты жұмыспен қамту орталығынан төлем алушыны жұмыссыз ретінде есептен шығарғаны туралы ақпарат алынған айдан кейінгі айдың бірінші күнінен тоқтатылады.
Өтінішті халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген кезде немесе егер адам жұмыссыз ретінде тіркелсе, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына немесе егер адам жұмыссыз ретінде тіркелсе, www.egov.kz «электронды үкімет» веб-порталы арқылы беріледі.

ҚАЖЕТТІ ҚҰЖАТТАР

Егер сіз қысқартуға ілігіп немесе өз еркіңізден жұмыстан шығып қалсаңыз уақыт оздырмай төмендегі құжаттарыңызды құнттаңыз:
Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат;
ҚР Еңбек кодексінің 52 – бабы 1-тармағы 1),2) және 3) тармақшаларымен көзделген еңбек қатынастарының бұзылуын растайтын жұмыс берушінің актісінен көшірме үзінді (еңбек кітапшасы);
Банкте ашылған шотының нөмірі немесе түзеу мекемесінің қолма-қол ақшаны бақылау шоты туралы мәліметтер.
Тізімдегі аталған құжаттарды өткізе отырып, сіз жұмыс тапқанша мемлекеттен қаржылай қолдау көре аласыз.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ