Ардагерлердің үйлеріне барып арнайы концерт қойды

448

Карантин режимі 75 жылдық тарихы бар Жеңіс күні дәстүрін де өзгертіп жіберді. Енгізілген төтенше жағдайға байланысты майдангерлер биыл мәңгілік алауға жиналмайды, алаңдарда концерттер өтпейді. Есесіне мерекелік думан бұл жолы ардагерлер тұратын үйлердің өзіне келді.

9- мамыр сайын орден, медальдарын жарқыратып, топ бастайтын ардагерлер үйлерінен әдеттегі сән салтанатымен шықты. Бала шағасының сүйемелдеуімен концертке бара жатқандардың бірі – Қаражан Естемесов. Жасы 100-ге тақаған ол майдан алаңына небәрі 18-де аттанған. Содан туған жерге 1947 жылы бір- ақ келіпті. От пен оқтың арасында ардагер жалғыз бауырынан айырылған екен.

Қаражан Естемесов, ҰОС ардагері: «Айналайын, болашақтарың жарқын болсын. Сендер үшін соғыстық. Сендер үшін қан кештік. Арманымыз жоқ».

Ардагерлер құрметіне ұйымдастырылған мерекелік концертке ауладағы тұрғындар да тәнті болды. Жеңістің 75 жылдығына арналған думанды бірі терезеден тамашаласа, енді бірі ардагерлерді қолдауға шыққан. Әсіресе, Төтенше жағдай режимі басталғалы үйден шығудан қалған балалар үшін бұл жиын ерекше көңіл күй сыйлады.

Жыл сайын қарасы сиреп бара жатқан жаужүрек жандардың биылғы Жеңіс күні осылай басталды. Айта кетейік Бүгінде Шымкент қаласында ҰОС 40 ардагері қалды.

Назерке Үкібасова