Úı Jańalyqtar «ЕСКІ ПЛАСТИНКА» АҒА БУЫННЫҢ ЖАНЫН ЖАДЫРАТТЫ

«ЕСКІ ПЛАСТИНКА» АҒА БУЫННЫҢ ЖАНЫН ЖАДЫРАТТЫ

фото ШӨКҚ

Шымкенттің Орталық саябағында қалалық Қазақстан халқы Ассамблесы мен қалалық славян этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ескі пластинка» концерті өтті. Көпшіліктің көңілінен шыққан музыкалық іс-шараның мақсаты  – қала тұрғындары мен қонақтарының назарына өткен шақтың хит әуендерін ұсыну арқылы олардың жадында достық, сыйластық, махаббат сынды құндылықтарды жаңғыртып, аға буынға қуаныш сыйлау және ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру. Шымкент қаласы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нүркен Әлімқұлов концертке арнайы қатысып, ұлағатты ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Достық пен өзара сенім қалыптасқан қоғамда түсіністік пен сыйластық өз тұғырынан түспейтінін айрықша атап өтті.

Жиналған жұртшылық алдында шымкенттіктердің сүйікті «Южный город» тобы, Людмила Наумова, Алексей Скибин, Нұрлан Жұбаниязов, Разия Гареева, Светлана Артёмова, София Карпец, Светлана Рашидова сынды бірқатар жергілікті өнер жұлдыздары өнерлерін көрсетті. Олар репертуарларындағы көпшілікке ұнамды ең есте қаларлық әуендерді әуелетті.

Еліміздің үшінші мегаполисі тұрғындары арасындағы биік абыройға ие «Фонограф» ретро-тобы болса, әнсүйер қауымға танымал музыкалық әуендерді нақышына келтіре орындап, саябаққа жиналған көпшілікті керемет әсерге бөлеп, ерекше көңіл-күй сыйлады.

Қала тұрғындары мен қонақтары аталған концертке көптеп жиналды. Олар сүйікті топтарымен бірге қосыла ән шырқады. Вальс ырғағына тербеле би биледі. Күздің мизамшуағында өткен әсерлі кеше қала тұрғындарын қуанышқа бөледі. Жиналған қауым ырғаққа толы кештен кеткісі келмей, ұзақ аялдады. Алдағы уақытта көңіл көтеріп, рухани ләззат сыйлайтын осындай кештер көптеп ұйымдастырылса деген тілектерін жеткізді.

 

Ескі