Білім министрі оқушыларды қорықпауға шақырды

183

Еліміздің бас ұстазы түлектерді қателіктен қорықпауға шақырды. Және мектеп бітірушілерге видеоүндеу жолдады. Үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған шәкірттерге ақ жол тілеген Асхат Аймағамбетов ҰБТ-ның ең оңай сынақ екенін айтады.

Бүгінде Қазақстанның білім саласын тізгіндеп отырған оның өзі де бір кездері бұл сынақтан сүрініпті. Бірақ, осыған қарамастан бір жылдан кейін қайта тест тапсырып грантқа түскен. Арманға жету жолында батыл болу керек екенін жеткізген Аймағамбетов алға қойған мақсаттан бас тартпау керек дейді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі: «Бізді мектеп кезінен қателеспеуге үйреткен. Бала күнімізден біздің санамызға қателік жасасаң болмайды деп баулыды. Бұл дұрыс емес. Адам қателік жасау арқылы, тәжірибе жинайды. Табысты адамдардың барлығы да қателескен. Содан нәтиже шығару арқылы табысқа жеткен. Сіздер де қателесуден қорықпаңыздар. ҰБТ өмірдегі ең жеңіл сынақ. Одан сүрінсеңіздер де, бағыңызды қайта сынауға болады. Мен де ҰБТ тапсырып алғашқы жылы грантқа түсе алмадым. Менде екі таңдау болды. Біріншісі, ақылы түрде білім алу. Екіншісі, бір жыл дайындалып, келесі жылы қайта тест тапсыру. Мен екіншісін таңдап, жақсылап дайындалып, бір жылдан кейін грантқа оқуға түстім».