Шымкентте жеті мемлекеттің ғалымдары бас қосты. Халықаралық жиын барысында Орталық Азия инновациялық университеті Түркия, Өзбекстан және Әзірбайжанның жоғары оқу орындарымен байланысын нығайтты. Енді тараптар ғылым мен білім саласында бірлесе жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ сарапшылар цифрлық замандағы білім берудің жай-күйін талқыланды.
Орталық Азия инновациялық университеті мен Түркияның Чанкыры Каратекин университеті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, екі ЖОО орны ғылым мен білім саласында бірлесе жұмыс істейді. Бұл келісім жеті мемлекеттің басын қосқан халықаралық конференция аясында жүзеге асты.
КАРАТАШ МЕВЛЮТ, «CANKIRI KARATEKIN» УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ: «Біздің басты мақсатымыз — екі ел университеті арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Алдағы уақытта білім алушылар оқытушы-профессорлар тәжірибе алмасып, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, университет кітапханасын түрік әдебиетімен толықтырмақпыз. Әсіресе, мұндағы жастардың түрік тілін еркін меңгергені бізді қатты қуантты».
Конференцияның басты мақсаты — цифрлық кезеңдегі білім мен ғылымды дамытудың тиімді жолдарын қарастыру. Жиын барысында қатысушылар ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру, білім алушылар мен оқытушы-профессорлардың халықаралық тәжірибе алмасуын дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ шетелдік оқу орындарымен байланысты нығайту жайы да назардан тыс қалмады.
ФЛОРА АЛЕСКЕРОВА, ӘЗЕРБАЙЖАН МЕМЛЕКЕТТІК ТУРИЗМ ЖӘНЕ МЕНЕДЖМЕНТ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚАУЫМДАСТЫРЫЛҒАН ПРОФЕССОРЫ, ДОКТОР: «Біздің университетте және сіздердің университеттеріңізде Туризм факультеттері бар. Сондықтан алдағы уақытта бірлескен стартап жобаларды қолға алып, білім алушылар мен оқытушы-профессорлар арасында тәжірибе алмасуды алдағы уақытта іске асырғымыз келеді. Тағы бір айта кетерлік жәйт, топ білім алушыларына дәріс оқыдым, білім алушылардың білім деңгейі мен ізденімпаздығы маған өте қатты ұнады, университет жастары өте зерек екендігін байқадым».
Шетелдік қонақтардың сапары аясында университетте түрік тілі аудиториясы ашылды. Енді университет білім алушылары түрік тілін тереңдетіп оқып, бауырлас елдің мәдениетімен де жақынырақ таныса алады.
ЕРЛАН ОНЛАСЫНОВ, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ИННОВАЦИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БІРІНШІ ПРОРЕКТОРЫ: «Білім алушыларды, біз ұтқырлық бойынша Түркияға жіберіп отырмыз. Бүгінде бізді корей, орыс тілдерін үйренуге арналған орталықтар ашылған. Бүгінгі күні оқу орнымызда түрік тілін үйрену дәрісханасы ашылып отыр».
Бүгінде Орталық Азия инновациялық университетінде 16 мыңға жуық білім алушылар білім алуда, 500-ден астам профессор-оқытушы қызмет етеді. Оқу орны бакалавриаттың 29 білім беру бағдарламасы және магистратураның 5 бағыты бойынша мамандар даярлайды.
Ботакөз Әнуар






