Úı ANONS Түркістан облысында 22 мыңнан аса ерекше білім алатын бала бар

Түркістан облысында 22 мыңнан аса ерекше білім алатын бала бар

фото egemen.kz

Түркістан облысында 22 мыңнан аса ерекше білім беруді талап ететін бала бар. Олардың оқып, үйренуіне биыл 7 миллиард теңге бөлінген. Бұл балалар қайда оқиды, кімдер оқытады? 

Түркістан облысында ерекше білім беруді талап ететін мектеп жасындағы бала саны 22 мыңнан асады. Ресми мәлімет бойынша, бұл өткен жылмен салыстырғанда 745-ке кем.

Облыстық білім басқармасының дерегінше, аймақта 10 — психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру және 17 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 7 арнайы мектеп-интернаты жұмыс істейді. Ал мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымдарында 680-нен аса арнайы педагог бар.

«Инклюзивті білім беру үшін жағдай жасаған білім беру ұйымдарының үлесі қолжетімді орта құру көрсеткіштерін, сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істеуге арналған кадрлардың болуын қамтиды. 2025 жылғы облыстық бюджеттен ерекше білім беруді қажет ететін балаларды біліммен қамтуға 7 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген»

Түркістан облыстық білім басқармасы

Айта кетейік, облыстық прокуратура Сарыағаш ауданында 23 мектепте ерекше білім беруді қажет ететін 64 оқушыға сабақ өтілді деп жалған ақпарат беріп, ақы алынғанын хабарлаған. Қазақстанның басқа аймақтарындағы ауруханаларда емделіп жүрген балаларға білім берілгені туралы жалған құжат толтырылған.

Жалпы ауданда 23 мектеп өтілмеген сағат үшін мұғалімдерге  4 миллион 256 мың теңге шамасында заңсыз төлем жасаған. Прокуратура бұл ақшаны бюджетке қайтарып, 300-ден аса қызметкерді тәртіптік жауапкершілікке тартқан еді.

Дилара Иса