Карантин режимі ұзартыла ма?

202
фото zakon.kz

Түркістан облысында бір азамат коронавирус жұқтырып, кесірінен 8 ошақ анықталды. Осыдан кейін онымен байланыста болған тағы 20 адамнан инфекция табылған. Бұл тоқтатылған төтенше жағдай режимінен кейінгі көрсеткіш.

Жалпы елімізде соңғы аптада тәжівирустың тіркелуі 15 пайызға артқан. Осылай деген Қазақстанның бас санитар дәрігері індет асқына берсе, тәртіпті қайта күшейтетінін жеткізді.

Қатерлі індеттің шарықтау шегінен өткен Қазақстанда қатаң тәртіп қайта орнатылуы мүмкін. Себебі соңғы аптада инфекция жұқтырғандар көрсеткіші 15 пайызға артқан. Мұның себебін Айжан Есмағамбетова төтенше жағдайдан кейінгі елдің арқаны кеңге жаюынан көреді.

Режим тоқтатылғалы жұрт бетперде мен антисептикті ұмытқан. Көшедегі жүргіншілерді былай қойғанда санитарлық талапты ашылған сауда орталықтары, шаштараздар мен кәсіпкерлік нысандар да сақтамайды екен.

Айжан Есмағамбетова, Қазақстанның бас санитар дәрігері: «Енді санитарлық талапты сақтамаған кәсіпкерлік нысандар, шаштараздар мен сауда орталықтарын кешірмейміз. Тәртіпке бағынбағандары үшін 5 АЕК-тен 500 АЕК-ке дейін айыппұл төлейтін болады. Қазір ондай нысандар аз емес. Олардың ішінде шаштараздар көп».

Кәсіпкерлік нысандардан бөлек өндірістік кешендер де карантин тәртібін елемейтін болған. Салдарынан Шымкент, Атырау және Қарағандыдағы өндіріс жұмысшыларынан жаппай инфекция табылды. Одан бөлек, жерлестеріміз уайымсыз қонаққа баруды бастап кетіпті. Мәселен, осындай қыдырымпаздардың бірі Түркістан облысынан анықталған.

Айжан Есмағамбетова, Қазақстанның бас санитар дәрігері: «Ауызашарға барамын деп жұрт Ковид-19 жұқтырып қана қоймай, оны таратып жүр. Солардың бірі Түркістан облысының тұрғыны. Бір өзі 8 ошақтың пайда болуына себеп болды. Кесірінен тағы 20 науқас белгілі болды».

Жұрт жаһанды жайлаған вирусқа бұдан кейін де жайбарақат қарауын қоймаса, елімізде қатаң тәртіп қайта орнайды. Осылай деген бас санитар соңғы тәулікте Қазақстанда 218 науқастың тіркелгенін айтады. Оның 50-і Шымкент қаласынан табылған.

Назерке Үкібасова