Шымкенттік дәрігерлер шу шығарды

191

Шымкенттік медицина қызметкерлері бүгін елді емдеуге емес, жанайқайын жеткізуге жиналды. Сөздерінше, соңғы екі айда жұмысы үдей түскенмен, олардың еңбегі сол күйі еленбеген.

Президент уәде еткен үстамақыны жарытып алмадық деген мамандар шыдамның шегіне жеткенін айтады. Бәрібір денсаулығын қатерге тігіп қызмет атқарғанымен оны бағалап жатқан ешкім жоқ дейді.

Гүлзира Ташова, дәрігер: «Бізге уәде етілген үстемақы толық төленген жоқ. Сол үшін бүгін осы жерге жиналдық. Басымызды қатерге тігіп жұмыс істеп, тиесілі қаржыға қол жеткізе алмай отырмыз. Басқа қаланың, облыстың дәрігерлерімен түгел сөйлестік. Барлығы үстемақының толық төленгенін айтады. Тіпті, кви жұқтырғандармен байланыста болмаса да 425 мың теңгені алған. Біз ше сонда, тоқалдан тудық па?!».


Жиналған мамандардың барлығы да коронавирус жұқтырғандар, оған күдікті болғандармен байланысқан. Өмірімізді қатерге тіктік деген қызметкерлер арасында отбасын екі ай бойы көрмегендері де бар. Жанұясынан жырақта жүріп, міндетін атқарғанымен мемлекет басшысы уәде еткен ең аз мөлшердегі үстемақыға да қол жеткізбепті.

Индира Мейірбекова, фельдшер: «Мен бала-шағамнан безіп, екі ай бойы жұмыста жүрмін. Сондағы алғаным 200 мың теңге. Әрине, менің өзге әріптестеріме бұл да түскен жоқ. Өте өкінішті. Біз барлығымыз бірдей жұмыс істедік қой. Бұл қалай болғаны сонда? Әркімді алалап бере ма үстемақыны?».


Уәде етілген алғашқы үстемақыны да жетістіріп алмадық деген мамандар ашуға екінші үстемақы түскенде мінген. Себебі кейінгі қаржы мөлшері мүлдем кеміп кетіпті. Біріне 25 мың теңге, екіншісіне 67 мың теңге түскен. Ең көбі 300 мың теңгеге ілініпті. Осыны айтып басшылыққа барғанымен жарытып жауап берілмеген. Бүгінде де солай. Жауап алудың орнынан ақыл тыңдауға мәжбүр болды.

Гүлнар Құрманбекова, Шымкент жедел-жәрдем станциясының бас дәрігер: «Сабыр сақтаңыздар. Біз сіздерге түсіндіріп жатырмыз ғой. Жұмысқа шыққан сағаттарыңызға қарай үстемақыны төлеп отырмыз. Ешқандай заңсыздық жоқ. Барлығы да заңды. Бәріміз де заңға бағынамыз».

Нақты сұрақпен келген мамандарға берілген жауап созбалаңға салынып кеткен соң, жұрт Біртановқа арыз жазуға кірісті. Дәл осы кезде тәртіп сақшылары да сау ете қалды. Жұртты тарқатуға тырысқанымен дәрігерлер алған бетінен қайтпады. Болмаған соң бұл іске қала әкімінің орынбасары кірісті.

Ербол Садыр, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Ашуға берілмеңіздер. Бәріміз бірге отырып, мәселенің мән-жайын талқылайық. Сіздер елдің денсаулығын сақтап, өміріне араша болып жүрсіздер. Сіздер тәртіп сақтамасаңыздар, басқа кімнен қайыр күтеміз».


Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев үстемақының мамандарға үлестірілуі туралы сүйіншісін наурыз айында айтқан еді. «Қауіптілігі аса жоғары» мамандарға 850 мың, «Қауіптілігі жоғары» қызметкерлерге 425 мың теңге, «Қауіптілігі орташа» жандарға 212 мың теңге уәде етілген еді. Ол үшін бюджеттен 3 млрд. 371 мың теңге бөлінді. Ал, одан Шымкент қаласына 300 -ден астам млн. теңге қаралды.

Назерке Үкібасова