Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әрдайым алдыңғы шепте

234

Бұл – Қуаныш! Сіздерге домбырамен ән шырқап, мына жалған дүниеде әрбір күндеріңіз қуанышқа толы болсын деп тілек білдіреді.

Түркістан облысы Полиция департаменті Төлеби АПБ Көші-қон полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Түймебаев Қуаныш Ыбырайұлы өзінің өнерге деген қызығушылығымен, әуелеткен әндерімен талайды тамсандырып, сегіз қырлы бір сырлы полицей ретінде танылған азамат.

Қуаныш Ыбырайұлы 1986 жылы Төлеби ауданында дүниеге келген. 1 мамыр атындағы жалпы орта мектебінде білім алып, 2003-2005 жылдары Б.Момышұлы атындағы Шымкент Заң колледжінде оқып, тәмамдаған.

Алғашқы еңбек жолын 2005 жылы Төлеби АПБ-нің учаскелік полиция инспекторы болып бастаған. Содан 2012 жылдан бері көші-қон саласында қызмет атқарып, өзінің жұмысқа деген жауапкершілігімен, кәсіби шеберлігімен көзге түсіп келеді. ПД-де өткізілген іс-шараларға белсенділікпен қатысып жүр.

Ол өз сөзінде «6 жасымнан бері домбыраны серік еттім. Ешқандай үйірме, арнайы сабақтарға қатыспадым. Өздігімнен домбыра шертуді үйреніп, Алланың берген қоңыр даусымен ән шырқап жүрмін»-деп айтып өтті.

Оған қоса Қуаныштың көпбалалы әке екенін айтып өтуге болады.Өзінің өмірлік жары ретінде таңдап, табысқан жұбайы екеуі бүгінде 4 қыз, 1 ұлдың аяулы ата-аналары.

Ендеше, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, өнерді, спортты қатар алып жүрген сегіз қырлы, бір сырлы полицейге тек абырой биігінен көрініңіз деп тілейміз!