Самалдықтар әкімге талап қойды

187
Сапарбай Өтемісұлы

Жаңа электр жүйесіне қосылған Самал-3 шағынауданының тұрғындары енді асфальт жол, кәріз жүйесі мен қоғамдық көлік мәселесін көтерді. Абай ауданының әкімін көрген халық аталған проблемалардың тез арада шешілуін талап етті.

Сапарбай Өтемісұлы

«Қашан  тәулік бойы су болады, кәріз жүйесі, жол салынады. Сол үшін айқай, Әкімдер халықтың сенімінен шығуы керек. Уәде берді ме уәдесінде тұрсын»  деген
шымкенттік тұрғын Сапарбай Өтемісұлы көпшілік көкейіндегі шешімін таппаған мәселелерді әкімнің алдына жайып салды.

Айтуларынша 20 жылдан бері қиыншылықтарды бастан өткеруде. Ал тағы бір тұрғын Салтанат Нұрқожа Қазақ Ордасы көшесінде осы күнге дейін жолдың асфальттенбей, кәріз жүйесінің тартылмағанын айтады: «Жаңбыр болса лайға батамыз. Жол батпақ. Канализация жоқ. Ана келесі көшеге асфальт салып берді. Біз ортада қалып қойдық».

Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов

Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов жиналған қауымды сабырлыққа шақырып, Самал -3 шағынауданында бірінші кезекте атқарылатын жұмыстардың ауқымын баяндады. «Жолдың құрылысын бастамас бұрын, кәріз жүйелеріне кірісеміз. Қаржы бөлінді. Қоғамдық көлікке келсек, жол асфальттенген соң,  автобустар қатынайды. Құрылыс 2021 жылға өтпелі» деді әкім.

Айта кетсек, Абай ауданына қарасты 34 елдімекеннің басым бөлігі шалғайда орналасқан. Елдімекендердің инфрақұрылымын жетілдіруге үкімет тарапынан биыл қомақты қаржы бөлінуде.

Мәселен, Жаңа талап елдімекенін ауыз сумен қамтуға 2,5 млрд. теңге, Ынтымақ шағынауданы халқының ауыз су мәселесін шешуге 3 млрд. теңге қаралған . Ал 91 көше жолдарын күрделі, орта жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 5,5 млрд, қаржы бөлініпті.

Шынар Оразова