«Ашық микрофон». Отырар TV телеарнасының жаңа жобасы. Телеарнаның жаңа студиясында тұсауы кесілген бағдарлама әлеуметтік ток-шоу форматында өтеді. Бағдарламада әлеуметтік мәселелер көтеріліп, белгілі бір жетіскікке жеткен, көпшілікке үлгі болар адамдарды таныстырады. Тәжірибесін айтады. Әділдік іздеп, шырылдап жүрген кейіпкерлерімізге жауапты сала мамандары тегін кеңес беріп, түйткілді мәселені шешу жолдарын ұсынады. «Ашық микрофон» ток-шоуының алғашқы шығарылымы – әлеуметтік желілер, соның ішінде Instagram мүмкіндігін дұрыс пайдаланып, танылған келіндерге арналды.

Әлеуметтік желінің көзге көрінбейтін арқанына байланған адамдар көп. Бірі – ермекке, екіншілері – қызыққа пайдаланса, тағы біреулері – әлеуметтік желіден табыс табады. Олардың қатарында келіндер де бар. Ауыл тұрмысын, күнделікті күйбелең шаруасын көпшілікке танытып, жазылушыларын арттырып, кірісін молайтып, кәсібін дөңгелетіп жүр. «Айына 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін табыс түседі» деген келіндер отбасының ұйытқысы, асыл жар, аяулы ана, инабатты да ибалы қалпында кім-кімге де үлгі боларлықтай.


«Отырар» медиахолдингінің директоры, «Ашық микрофон» жобасының авторы Әйгерім Жұмағұлованың айтуынша, бағдарлама көрерменін табуы үшін шынайы болуы керек. Тек шынайылық көрермен жүрегіне жол табады.
Ток-шоудың алғашқы шығарылымын «Инстакеліндерге» арнаудың да себебі осында. Бағдарлама шілде айының алғашқы сенбісінде тұсауы кесіліп, экранға шықты. Қазір YouTube видеохостингіндегі Otyrartv арнасынан да көре аласыз.

БІР БАҒДАРЛАМАҒА 1,5 АПТА ҚАЖЕТ

Экраннан көрсетілер 30-50 минут бағдарламаны дайындау үшін тұтас команда, қаншама маман еңбек етеді.
Басты дайындық – студиядан басталды. Телеарнаның техникалық инженері мен оператор-монтажерлар студияның жарығын, камера мен микрофондардың жұмысын қадағалап, түсірілім алаңына жауап берді. Студиядағы әрбір қимылды назардан тыс қалдырмай, келген қонақтардың эмоциясы мен пікірін бейнетаспаға жазып алу үшін бір емес 5 оператор түрлі «ракурста» 2 сағат бойы жұмыс істеді.
Олардың жұмысы монтажерсыз текке кетер еді. Сондықтан да түсірілімге 3 монтажер тартылды. Олар заманауи құрылғыға түсіріліп жатқан бағдарламаны сол мезетте «қиып-жалғап», монтаждады.


Мұның бәрі де түсірілім алаңындағы қарбалас. Студияға шақырылған қонақтар орын-орындарына жайғасып, продюсердің «мотор» деген командасынан кейін болатын жұмыс.
Ал соған дейн шығармашылық ұжым қауырт жұмыс істейді.
Тақырып таңдап, кейіпкерлерді іздейді. Олармен сөйлеседі, түсірімге шақырады. Барлық кейіпкердің бір мезгілде кешікпей келуін, түсірімге рұқсатын алу да үлкен еңбек.
Түсірімге келісіп, түсірім басталарына 1 сағат қалғанда бас тартатындар да бар. Алайда, телевизия саласында бірнеше жылдан бері жұмыс істеп жүрген мамандар мұндай мәселеден сытылып шығуға үйренген. Десек те, бағдарламаға қонақ болатын кейіпкер табу қиын-ақ.
Тақырыпты пісіріп, оны өрбітіп, жандандыру үшін шығармашылық топқа 1,5 аптадай уақыт керек. Жаңа бағдарламаның жүгі ауыр.
Айтпақшы, бағдарламаның жүргізушісі – Бауыржан Сәкенұлы. Қазақстан жұртшылығына аса танымал «Қалаулым» бағдарламасын Аша Матаймен жүргізіп танылған жас журналист.
«Ашық микрофон» бағдарламасының түсіріліміне кемі он маман қатысады. Бәрі де Отырар TV телеарнасының кәсіби мамандары.

ЖЕЛІНІ ЖАРҒАН БАЛАЛАР

Әлеуметтік ток-шоудың көрерменіне ұсынар қызығы көп. Келесі көрсетілім «Желені жарған балалар» деп аталады. Аты айтып тұрғанындай осы аптаның сенбісінде көрсетілетін бағдарлама қонақтары кішкентай балақайлар болмақ. Ток-шоу ұжымы ғаламторда видеолары мыңдаған қаралым жинайтын балақайларды таныстырып, бұл тосыннан келген танымалдылық па әлде балақайлардың таланты ма, соны білмек.
Осы ретте бағдарлама төріне, кішкентай Ерке Есмахан деп танылған – Инабат Жанғали келеді. Ютубқа салған видеолары миллионнан астам қаралым жинайтын кішкентай Инабаттың танылуының сыры неде?
Инабат әнші Ерке Есмаханның ұлының сүндет тойында өнер көрсеткені рас па? Концерттердің бірінде Инабатқа 1 миллион теңге берген кім? Инабаттың гонорары қанша?
Осы сауалдардың жауабын «Ашық микрофон» әлеуметтік ток-шоуының «Желіні жарған балалар» тақырыбындағы шығарылымынан білесіз.
Бұдан бөлек ток-шоуда инстаграмдағы «вайндары» арқылы танылған Зарина Нұржанова да болады.
Ол әлеуметтік желідегі жетістіктері мен одан түсетін қаржысын айтады. Сондай-ақ, «Ашық микрофон» түсірім алаңында инстаграм аруы, қазақ кинематографиясының дамуына үлес қосып келе жатқан кішкентай кино жұлдыздар келеді. Олар жүргізушінің тосыннан туған сауалдары мен тапсырмаларын қалай орындайды екен?
Әлеуметтік желідегі өнерлерін студияда көрсете ме? Қызық па? Ендеше «Ашық микрофон» әлеуметтік ток-шоуын үйде отырып, тамашалаңыз.
Алдағы уақытта «Ашық микрофон» ұжымы «Отбасындағы зорлық зомбылық», «Он үште отау иесі», «Жігері жасымағандар» тақырыбында түсірілім жасайды. Қатысып, ой айтамын дейтін оқырман, көрермендерімізге есік ашық.
Қадірлі оқырман! «Ашық микрофон» әлеуметтік ток-шоуының келесі шығарылымдары қандай тақырыпта болғанын қалайсыз? Айтар ойыңыз, ұсынар тақырыбыңыз болса мархабат! Ұсыныс сізден, жақсы жобалар бізлен болсын!

Айжан Ермекқызы