2026 жылдың 16 маусымы күні Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы Баку – Шымкент бағыты бойынша алғашқы рейсін сәтті орындады. Жаңа халықаралық бағыттың іске қосылуы Шымкент қаласының әуе қатынастары географиясын кеңейтіп, Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы туристік, іскерлік және мәдени байланыстарды дамытуға жаңа мүмкіндік береді.
AZAL әуе компаниясының жазғы кестесіне сәйкес, 16-27 маусым аралығында Баку – Шымкент – Баку рейстері аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері орындалады.
Ал 2026 жылғы 30 маусымнан бастап рейстер саны аптасына үш ретке дейін ұлғаяды. Баку қаласынан Шымкентке рейстер сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері, ал Шымкенттен Бакуге сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері жүзеге асырылады.
Алғашқы рейсті қарсы алу рәсімі Шымкент халықаралық әуежайының жаңа жолаушылар терминалында өтті. Бұл жаңа бағыт Шымкенттің халықаралық авиациялық хаб ретіндегі әлеуетін арттырып, қаланың туристік және экономикалық дамуына қосымша серпін береді.







