Úı ANONS «Таза Қазақстан»: Шымкентте экологиялық мәдениет қалыптасып келеді

«Таза Қазақстан»: Шымкентте экологиялық мәдениет қалыптасып келеді

Шымкентте экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр.  «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында қалада заңсыз қоқыс орындарын жою, аумақтарды абаттандыру және санитарлық тазалықты сақтау бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстарға прокуратура да белсенді атсалысып, экологиялық заңнаманың сақталуын бақылауда ұстап отыр. Жыл басынан бері тазалық талаптарын бұзу бойынша мыңдаған әкімшілік іс тіркелген. Қалада қоршаған ортаға деген жауапкершілік қалай артып келеді? Экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолында қандай жұмыстар атқарылуда?

 

Шымкент қаласының прокуратурасы тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға және экологиялық бастамаларға белсенді қатысуға шақырады. Соңғы жылдары жүзеге асырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» жобасы қаладағы экологиялық мәдениетті арттырып, тұрғындардың тазалыққа деген жауапкершілігін күшейтуге ықпал етуде.

 

ДІНМҰХАМЕД ӘЛІ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БАСҚАРМА ПРОКУРОРЫ: «Қазіргі таңда заңсыз қоқыс орындарын анықтау, заңсыз қоқыс үйінділерін жою және де қоқыс тастап қаламызды ластап жатқан азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар көріліп жатыр. Біздегі жасалып жатқан іс-шараның мақсаты қандай да бір тұлғаларды жауапқа тарту емес, не осылай қоқыс тасып жүру емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыру».

 

Прокуратура өз құзыреті шегінде экологиялық заңнаманың сақталуын қамтамасыз етеді. Заң бұзушылықтардың алдын алып, азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударады. Осы бағытта аумақтарды абаттандыру, заңсыз қоқыс орындарын жою, санитарлық тазалық талаптарының орындалуын бақылау және жауапты мемлекеттік органдардың жұмысына құқықтық баға беру шаралары жүргізілуде.

 

Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері қалада ортақ пайдаланылатын орындарды ластау фактілері бойынша 900-ге жуық әкімшілік хаттама толтырылған. Ал ғимараттарды, тұрғын үйлерді және қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіру дерегі бойынша екі іс тіркелген. Сонымен қатар қалалар мен елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзу, инфрақұрылым нысандарын бүлдіру және жасыл желектерге зиян келтіру бойынша 19 мыңнан астам әкімшілік іс қаралған.

 

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» – еліміз бойынша экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жалпыұлттық бастама. Шымкентте жоба аясында тұрақты түрде сенбіліктер ұйымдастырылып, ағаш отырғызу акциялары мен көшелерді, аулаларды тазалау жұмыстары жүргізіліп келеді.

Дилара Иса